Науқас жақынына күтім жасайтын мемлекеттік қызметшіге толық емес жұмыс күні белгіленеді
Жүкті әйелдерге және науқас отбасы мүшелеріне күтім жасайтын мемлекеттік қызметшілерге толық емес жұмыс күні белгіленеді , деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мәжіліс «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заң жобасының жаңа редакциясын және оған ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Жаңа редакцияда жұмыс уақыты режимі нақты реттелген. Күнделікті жұмыс ұзақтығы 8 сағатқа дейін белгіленеді, ал апталық жұмыс уақыты 40 сағаттан аспауға тиіс.
«І және ІІ топтағы мүгедектігі бар мемлекеттік қызметшілер үшін аптасына 36 сағаттан аспайтын қысқартылған жұмыс уақыты белгіленеді. Жүкті әйелдерге, үш жасқа дейінгі баласы бар ата-аналардың біріне, сондай-ақ науқас отбасы мүшесіне күтім жасайтын қызметшілерге толық емес жұмыс уақыты қарастырылады», делінген хабарламада.
Сонымен қатар, көлденең мансаптық ілгерілеу тетігі енгізіледі. «Б» корпусының бір әкімшілік лауазымы шеңберінде лауазымдық деңгейлер белгіленіп, әр деңгей үшін жалақы мөлшері айқындалады. Пилоттық жоба екі жылға жоспарланып, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде, Әділет және Ұлттық экономика министрліктерінде, Астана қаласы мен Атырау облысының әкімдіктерінде іске асырылады.
Еске сала кетсек, елімізде бала босану мен сәби күтіміне қанша ақша төленетінін хабарлаған едік.