Референдум-2026

Найзағай салдарынан бір тәулікте 55 орман өрті тіркелді

Найзағай салдарынан бір тәулікте 55 орман өрті тіркелді
Фото: ЖИ/ChatGPT

20 шілдеде еліміздегі мемлекеттік орман қоры аумағында 55 орман өрті тіркелді. Бірнеше өңірде шыққан өрт найзағай салдарынан болды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.

Өңірлер бойынша:

«Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты  – 41 орман өрті;

«Ертіс орманы» МОТР – 9 орман өрті;

Шығыс Қазақстан облысы – 3 орман өрті;

«Наурызым» мемлекеттік табиғи қорығы – 1 орман өрті;

«Баянауыл» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі – 1 орман өрті.

«Найзағай салдарынан қысқа уақыт ішінде көптеген өрт ошағының пайда болуы орман қызметкерлері үшін үлкен сынақ болды.

Алайда олардың жоғары кәсібилігінің, сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелерімен, жергілікті атқарушы органдармен және азаматтық қорғаудың басқа да күштерімен тиімді өзара іс-қимылдың арқасында 55 орман өртінің барлығы дер кезінде анықталып, оқшауланып, сөндірілді немесе толық бақылауға алынды. Соның нәтижесінде өрттің таралуына және ірі орман өрттерінің туындауына жол берілген жоқ», делінген хабарламада.

Ведомствоның мәлімдеуінше, әрбір найзағайлы фронт бір мезетте ондаған өрт ошағының пайда болуына себеп болуы мүмкін. Сондықтан өрт қауіпті кезеңде орман күзеті мемлекеттік орман қорын сенімді қорғауды қамтамасыз ете отырып, тәулік бойы үздіксіз қызмет атқарады.

Еске сала кетсек, Абай облысындағы ірі орман өртін сөндіруге 769 адам, 191 техника және 8 тікұшақ тартылды.