Мұрат Мансұров: Қазақ тазысы – ұлт қазынасы
2018 жылдан бері тазы ұстап, иттерін шырға жарысына қатыстыратын мүсінші Мұрат Мансұров тазы – ұлтымыздың баға жетпес қазынасы деп санайды, деп хабарлайды Elordainfo.kz astana-akshamy.kz-ке сілтеме жасап.
Мүсінші Түркияда тұрған кезінде Қазақстаннан алып келген тазыларын асырап, 2021 жылдан бастап көрмелерге қатысқан. Сол кезде тазылары 3 жыл чемпион болған. Тазылардың әдемілігі сонша Түркияның 10 әдемі иттерінің қатарына енген. Бүгінде ол текті тұқымды иттерін көбейтіп, қазір тазыларының саны 20-ға жуықтады.

- Тазының ерекше қасиеттері көп. Оны үйде ұстаса да иісі шықпайды. Бұрын қазақтар сол үшін оны қыста киіз үйге кіргізген, себебі ол қатты суықта тоңғақтау болады. Сондай-ақ ол тамақ жегенде ашқарақ емес, өзіне тиесілі бөлікті жейді де, басқа іздемейді. Тағы бір ерекшелігі үрмейді, бір басқа жануарды көрсе дыбыс шығармай ізіне түседі. Түркияда тұрғанда кейбір көршілер менде ит бар екенін екі жылдан кейін ғана білді, - дейді ол.

Ол 2025 жылы Қазақы тазы спорт федерациясын құрушылардың бірі болып, содан бері тазы жарыстарын ұйымдастырумен келеді. Астанада былтыр 3 жарыс, биыл Шымкентте және Түркияда жарыстар өткізді. Ал биыл 5 қыркүйекте Астана маңындағы Сарыоба деген жерде демеушілер көмегімен тағы бір үлкен жарыс өткізгелі отыр.
Еске салсақ, бүгін елімізде Қазақ тазысы мен төбеті күні алғаш рет аталып өтіп жатыр.