Мүгедектігі бар адамдар портал арқылы 111 мыңнан астам қызмет алды

Бүгін, 13:26
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Мүгедектігі бар адамдар портал арқылы 111 мыңнан астам қызмет алды
Фото: freepik.com

Биыл жыл басынан бастап Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектігі бар адамдардың 111,6 мың тапсырысы орындалды, оның ішінде: шамамен 75,4 мың мүгедектігі бар адам оңалтудың техникалық құралдарын, 7,2 мың – ымдау тілі қызметін, 23,8 мың – жеке көмекшінің, 5,2 мың – шипажайлық-курорттық емдеу қызметін алды, деп хабарлады Elordainfo.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

Портал мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін өндірушіні және жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Көмек түріне тапсырыс беру көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен растау арқылы жүзеге асырылады. Тапсырыс берілген оңалтудың техникалық құралдарын жеткізу немесе өз бетінше әкету арқылы алуға болады.

Мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен қамтамасыз ету протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдар, сондай-ақ, кресло-арбалар беруді қамтиды.

Бүгінде Порталда 607 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуші, 1022 ОТҚ жеткізушісі, 32 мыңнан астам жеке көмекші, 785 ымдау тілі және 132 шипажайлық-курорттық емдеу қызметтерін ұсынушы тіркелген.

Порталды пайдалану бойынша консультацияларды қолдау байланыс орталығынан, яғни 1414 бірыңғай нөмірі арқылы алуға болады.

Бұған дейін жұмысынан айырылған 127 мыңнан астам адам әлеуметтік төлем алғанын жаздық.