10.12.2025
RU
Мәзір

Мемлекеттік органдар Жоғары аудиторлық палата ұсынымдарын орындау бойынша тоқсан сайын есеп беретін болады

|
Мемлекеттік органдар Жоғары аудиторлық палата ұсынымдарын орындау бойынша тоқсан сайын есеп беретін болады
Фото: ҚР Жоғары аудиторлық палатасы

Үкімет бюджетті бағалау қорытындысы бойынша Жоғары аудиторлық палата ұсынымдарын орындаудың жаңа тәртібін бекітті, деп хабарлады Elordainfo.kz Жоғары аудиторлық палатаға сілтеме жасап. 

ҚР Үкіметі республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті жасау және ұсыну қағидаларына өзгерістер енгізді. Бұл өзгерістерде Жоғары аудиторлық палата ұсынымдарын орындау жөніндегі арнайы Жол картасын әзірлеу және бақылаудың нақты тәртібі енгізілді.

Мұндай өзгерістер енгізуге Жоғары аудиторлық палата бастамашы болды.

Енді мынандай тәртіп бекітілді:

1.Алдымен бюджеттің атқарылуына жауапты орталық мемлекеттік орган тиісті жыл бойынша Үкіметтің есебіне Жоғары аудиторлық палата ұсынымдарын орындау жөніндегі Жол картасының жобасын дайындайды. Онда нақты іс-шаралар мен оларды іске асыру мерзімдері ұзақ мерзімді, орта мерзімді және қысқа мерзімді кезеңдер бойынша айқындалады.

2.Жол картасының жобасы келісу үшін Жоғары аудиторлық палатаға жолданады. Құжатты мақұлдау немесе ұсыныстар және ескертулермен кері қайтару үшін Жоғары аудиторлық палатаға 10 жұмыс күні беріледі.

3.Одан кейін бақылау кезеңі басталады. Жол картасының нақты тармақтарын орындауға жауапты барлық мемлекеттік орган өз жұмысы туралы әр тоқсан сайын есеп беруге міндетті (есепті кезеңнен кейінгі айдың 5-інен кешіктірмей).

4.Палата ұстанымы берілгеннен кейін орталық орган Жол картасының орындалу барысы туралы Үкімет Аппаратын хабардар етеді.

Осылайша, республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет есебіне берілген Жоғары аудиторлық палата ұсынымдарын орындау процесі неғұрлым ашық әрі құрылымды болады. Енді әрбір әрекет тіркеліп, бақылауға алынып, түпкі нәтижеге дейін жеткізіледі.

Жалпы алғанда, Жол картасы мен жаңа есептілік тәртібін енгізу мемлекеттік органдарға өз міндеттері мен мерзімдерін нақты түсінуге мүмкіндік береді, ал Жоғары аудиторлық палата өз ұсынымдарының орындалуын жедел бақылай алады.

Еске салайық, бұдан бұрын мемлекеттік сатып алу ережелеріне келісімшарттардың негізсіз қымбаттауын болдырмау үшін өзгерістер енгізілгенін хабарлаған едік. 

Ұқсас жаңалықтар

Барлығы ↗