Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов өзінің Telegram-арнасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Өкінішке қарай, Құрылыс кодексінің жобасына берген біздің маңызды түзетулеріміздің басым бөлігі қабылданған жоқ.
Алда небәрі бірнеше жұмыс тобы ғана қалды - уақыт өте аз», - деп жазды ол.
Ол әр азамат үшін қажет мына мәселелер туралы Мәжіліс қабырғасында үнемі айтылатынын айтты:
– мектептер мен балабақшалар тұрғын үйлерден кейін емес, бірге салынуы тиіс;
– геологиялық зерттеулер шынайы болуы керек, «сатып алынған» жалған қорытындылар емес;
– мектеп пен ауруханаға арналған жерді қорғау, олардың орнына түнгі клуб немесе дүкен салуға жол бермеу;
– құрылысшылардың нақты жауапкершілігі болуы тиіс, қағаз жүзіндегі жалған меморандумдар емес;
– әлеуметтік нысандарды қабылдау комиссияларына қоғам өкілдері қатысуы тиіс;
– сапасыз құрылыс үшін нақты және қатаң айыппұлдар мен жауапкершілік енгізілуі қажет.
«Осы күйінде Кодексті қабылдауға болмайды. Заң адамдарды қорғауы керек, құрылыс компанияларын емес.
Елде Құрылыс компанияларының мүддесін қорғайтындар тым көп сияқты», - деді ол.