Чемпионатқа Астана, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Орал өңірлерінен 200-ге жуық гимнасшы қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Астана қаласының спортшылары биыл да жоғары деңгейдегі нәтижелерімен ерекшеленді. Олар чемпионатты 6 алтын, 6 күміс және 6 қола медальмен аяқтап, жарыстың жалпы қорытындысы бойынша үздік үштіктің барлық сатыларын иеленді.
Бәсекеде Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелері Айым Мейіржанова, Дария Көшербаева және жасөспірімдер арасында әлем чемпионы Ақмарал Ерекешева сынды мықтылар өз өнерімен көрермендерді тәнті етті.
«Чемпионат жас гимнасшыларға тәжірибе жинақтауға, өз өнерін бағалауға және алдағы ірі турнирлерге сенімді қадам жасауға үлкен мүмкіндік береді. Көркем гимнастикаға қызығушылық танытқан балалар санының артуы – спорттың одан әрі дамуына оң серпін беретіні сөзсіз. Жалпы біз бір жылда 3 қалалық чемпионатты өткізу дәстүрге айналған. Осы арқылы қаланың құрамын жасақтап, гимнасшыларымызды республикалық жарыстарға қосамыз», - деді көркем гимнастикадан Астана қаласының аға жаттықтырушысы Әсел Мұстафина.
Жарыс барысында спортшылар жеке және топтық бағдарламаларда өнер көрсетіп, күрделі элементтерді орындауда жоғары координация, икемділік және техника жағынан ерекше дайындықтарын байқатты.
Айта кетейік, енді астаналық спортшылар 2026 жылы ақпан айында Шымкент қаласында өтетін Қазақстан чемпионатында бақ сынайды.