Көркем гимнасшы Милана Парфилова: Спорттағы ең басты қасиет – жүйкенің мықты болуы

Көркем гимнасшы Милана Парфилова: Спорттағы ең басты қасиет – жүйкенің мықты болуы
Фото: ҰОК

Қыздар арасындағы ең сұранысқа ие спорт түрі саналатын көркем гимнастикадан кезекті талантты спортшы - Милана Парфилова мансабын аяқтады. Кейінгі 5 жылдықта құрлықтық және халықаралық жарыстарда еліміздің намысын абыроймен қорғаған отандасымыз , деп хабарлайды Elordainfo.kz сайтына берген сұхбатында жарақаты жайлы, көркем гимнастиканың ішкі өмірі мен болашағы жайлы айтып берді.

- Сіздің спорттық мансабыңыздың аяқталғаны туралы әлеуметтік желідегі жазбаңыздан білдік. Бұл шешімге не себепболды?

- Иә, биыл мен спорттық мансабымды аяқтау туралы шешім қабылдадым. 2025 жылдың жазында тіземе ота жасалды. Операциядан кейін бірден мансабымды күрт аяқтағым келмейтінін түсіндім.Бірден оңалту кезеңін бастап, қайта оралуға деген үмітім зор болды.

Барлық қиындықты түсіне отырып, болашақта «неге байқап көрмедім?» деген өкініш қалмас үшін, соңына дейін күресуге бел будым. Осылай уақыт өте берді. Жарыс уақыты да жақындады. Стартқа 1 апта қалғанда физикалық жағдайымды байыппен бағалап, қажетті формаға үлгере алмайтынымды түсіндім. Жүктеме артқан сайын, тізем сыр бере бастады. Нәтижесінде өзім үшін ең әділ шешімге келдім. Спорттық мансапты аяқтау туралы шешім денсаулығыма байланысты қабылданды.

- 2023 жылы жазғы Олимпиада ойындарынан кейін ең беделді жарыс саналатын Ханчжоудағы Азия ойындарында жеке сайыста қола және командалық сайыста күміс медальді жеңіп алдыңыз. Одан кейін Париж Олимпиадасының қатысушысы Эльжана Таниева үлкен спорттан кетті. Осы жайттарды ескерсек, сізді ұлттық құраманың бірінші нөмірі бола ма деп топшылап едік. 3–4 жылға жалғасқан жарақат мансабыңызға әсер етті ме? Сол кезеңде күш пен мотивацияны қайдан алдыңыз?

- Денсаулық жағдайы шынымен де шешуші фактор болды. Бұл көптеген спортшының алдында тұратын ең қиын әрі ең дұрыс таңдау. Мансабым барысында мазалаған сәттер аз болған жоқ: кейде ем қабылдадық, кейде моральдық-жігерлік қасиеттерге сүйеніп, алға жылжыдық. Бұл өз нәтижесін берді. Өзіңіз айтпақшы, Азия ойындары мен Азия чемпионатының жүлдегері атандым.

Мені әрдайым ішкі берік ұстанымым алға жетеледі. Отбасымның қолдауы орасан зор болды.Олар қиын сәтте жанымнан табылды. Сондай-ақ кілемге шығуыма себеп болатын жанкүйерлердің қолдауы да маған күш берді. Осындай қолдау ең қиын кезеңдерде де берілмеуге көмектесті.

- Кез келген спортшының арманы - Олимпиада ойындары. Сізде әттеген-ай дейтін өкініш сезімі қалды ма? Мансабыңызда ең үлкен қолдауды кім көрсетті?

- Мен әрдайым еңбекқор гимнасшы болдым және өз ісіме үлкен жауапкершілікпен қарадым. Жұмыс істеуге мүмкіндік болғанда, барымды салып, 100% күшімді жұмсадым. Өз мансабымда қолдан келгеннің бәрін жасағанымды нақты білемін. Ешқандай өкінішім жоқ.

Мені қолдап әрі сенген жандар - отбасым мен бапкерлерім. Олардың тәжірибесі, талапшылдығы және қолдауы менің спортшы ретінде қалыптасуымда маңызды рөл атқарды. Мен өз жолыма ризамын. Спорт медаль мен атақпен ғана бағаланбайды. Мінез, жеңіс пен жеңіліс сәтінде өзіңді қалай ұстай алатындығын маңызды. Спорт мені шыңдап, баға жетпес өмірлік тәжірибе сыйлады. Бұл тәжірибені алдағы уақытта басқалармен бөлісе аламын деп сенемін.

- Көркем гимнастика сіздің өміріңізге қаншалықты әсер етті? Егер спортшы болмағанда, өзіңізді қай салада елестетер едіңіз?

- Көркем гимнастика маған ішкі де, сыртқы да көптеген қасиет дарытты. Ата-анама мені дәл осы спорт түріне алып келгені үшін өте ризамын. Егер спорт өмірімнің бір бөлігі болмағанда, өзімді актерлік өнермен байланысты салада елестете алар едім деп ойлаймын.

- Көркем гимнастикада көптеген спортшылар 18–19 жасында мансабын аяқтайды. Қалған үлкен өмірде сіздің алға жетелеуіңізге мотивацияны қайдан алмақшысыз?Алдағы өміріңізді гимнастикамен байланыстыра бересіз бе?

- Мотивация - тұрақты дүние емес. Мен оны отшашумен салыстырамын: жарқыраған, әдемі, бірақ қысқа сәттік. Ал тәртіп - әлдеқайда маңызды.Ол сені тұрақты түрде алға жетелейді. Мотивация мен тәртіп қатар жұмыс істегенде, бұрын мүмкін емес деген белестерге жете аласың.

Алдағы уақытта бапкерлік бағытта жолымды жалғастырғым келеді.Өйткені бұл іс маған өте жақын әрі ұнайды.

- Бүгінде елімізде көркем гимнастикаға қызығушылық деңгейі қандай деп ойлайсыз? Ішкі жарыстарда Астана мен Шымкент қаласының спортшылары бас жүлдеге таласып жатады ғой?

- Біздің елде әр өңірден шыққан мықты гимнасшылар аз емес.Сондықтан нақты қалаларды бөліп көрсетпес едім. Мансабын енді ғана аяқтаған спортшы ретінде айтарым: мен әрдайым өзіммен бәсекелесіп, назарымды жеке даму процесіме аудардым.

- Көркем гимнастикадағы басты қиындықтардың бірі - салмақты қатаң бақылау деген пікір бар. Сіздің ойыңызша, табысты гимнасшы үшін ең маңызды қасиеттер қандай?

- Салмақ тақырыбы көркем гимнастикада шынымен жиі қозғалады. Бұл ең алдымен спортшылардың денсаулығы мен қауіпсіздігі тұрғысынан маңызды аспект. Ал жалпы алғанда, кез келген спорт түрінде ең басты қасиеттердің бірі - мықты жүйке жүйесі деп ойлаймын.

- Спорттық мансабыңыздың барысында көптеген елде болдыңыз. Жарыстардан тыс уақытта елмен танысуға мүмкіндік бола ма? Қайсысы ерекше әсер қалдырды?

Көбіне жарыстарға нақты кестемен барамыз. Бірақ кейде шағын серуендерге немесе экскурсияларға уақыт табуға болады. Маған ең қатты әсер қалдырған ел - Испания. Ол жаққа әлі талай рет барғым келеді.

- Өзіңіз өнер көрсеткен кезеңдегі бәсекелестік деңгейі сіздің көңілден шыға ма? Қазір Олимпиада лицензиясы үшін кімдер арасында тартыс болады деп ойлайсыз?

- Әрине. Бәсеке әрдайым бар. Менің кезеңімде ол жоғары деңгейде болды және үнемі дамуға итермеледі: бағдарламаны күрделендіруге, дайындық тәсілін өзгертуге, қарқын қосуға мәжбүр етті. Дегенмен мен үшін басты қарсылас - әрдайым өзім болдым.

Қазір маусымның басы.Спортшылар біртіндеп форма жинап жатыр. Алдағы жарыстар барысында ең мықты әрі ең тұрақты гимнасшылар анықталады деп ойлаймын. Солардың арасында Олимпиада жолдамасы үшін негізгі күрес болады. Барлық қыздарға шын жүректен сәттілік пен мықты денсаулық тілеймін.

- Қазіргі таңда көркем гимнастикамен айналысып жүрген жас қыздарға қандай кеңес берер едіңіз?

- Ең алдымен, өз денсаулығыңызды қадағалаңыз. Көптеген жағдайды естідім. Өзім де көрдім. Көркем гимнастикада қыздар жарақатын бапкерлеріне ашық айтуға қорқады. Алайда неғұрлым ұзақ үнсіз қалсақ, қалпына келу соғұрлым қиын әрі ұзақ болады.

Өз бапкеріңді тыңдай білу, соңына дейін берілмеу және ең бастысы - өзіңе адал болу өте маңызды. Қаншалықты мықты әрі табысты спортшы болсаң да, ең әуелі адам болып қалу керек.

- Сұхбатыңызға рахмет!