Конституцияда меншік құқығы мен әділеттіліктің күшейтілуі бизнес үшін маңызды - кәсіпкер
Бүгінде қоғамымыз Ата Заңымыздың жаңа жобасын, парламенттік және конституциялық реформаларды қызу талқылап жатыр. Әсіресе, вице-президент институтының қайта енгізілуі, Құрылтай мен Халық Кеңесінің құрылуы қоғамдық пікірдің өзегіне айналды. Кәсіпкер, Asem химиялық зауыт және Asem medical клиника желілерінің негізін салушысы Мұхит Асанов Жаңа Конституция нормалары туралы пікірін білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Мен бұл реформалардың саяси жаңашылдығынан гөрі, олардың экономикалық философиясына тоқталғым келеді.
Кәсіпкер ретінде мемлекеттен артық жеңілдік те, арнайы бағдарлама да, «ерекше қолдау» да қажет емес. Кәсіпкерге тек әділ ереже керек. Таза бизнеске басқа ештеңе керек емес.
Жаңа Конституция жобасында әділеттілік, заң мен тәртіп, адамға бағдарланған мемлекет туралы дұрыс қағидалар айтылған. Бағыт дұрыс. Алайда кәсіпкер үшін маңыздысы - сөз емес, сол сөздің қалай жұмыс істейтіні.
Әрбір кәсіпкер бизнесті байланыспен емес, заңмен жүргізгісі келеді. Соттан қорықпай, сотқа сенгісі келеді. Бір шенеуніктің көзқарасы мен көңіл күйіне тәуелді болғысы келмейді.
Егер заң бәріне бірдей қолданылмаса, адал бәсеке болмайды. Егер сот тәуелсіз болмаса, меншік шартты ұғымға айналады. Егер құқық қорғау органдары бизнеске қысым жасау құралы болып қала берсе, көлеңкелі экономика да өмір сүруін жалғастырады.
Конституцияда меншік құқығы мен әділеттіліктің күшейтілуі - таза бизнес үшін маңызды сигнал. Бірақ бұл нормалар қағазда емес, күнделікті практикада сезілуі тиіс. Әйтпесе ең жақсы жазылған заңның өзі сенім тудырмайды.
Кәсіпкер үшін ең қауіпті нәрсе - ол белгісіздік. Бүгін бір, ертең басқа ереже қолданылатын ортада ұзақмерзімді инвестиция да, адал жоспар да болмайды. Сондықтан мен мемлекеттен бақылаушы емес, қызмет көрсетуші логиканы күтемін. Тексеру аз, шешім ашық, жауапкершілік нақты болуы тиіс», - деді ол.
Ол, сондай-ақ, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдіктің күшеюі де бизнес үшін маңызды екенін айтты. Оның айтуынша, экономика бір орталықтың шешіміне тәуелді болмай, институционалдық тұрақтылыққа сүйенгенде ғана кәсіпкер стратегиялық жоспар құра алады. Ойын ережесі бір күнде өзгермейтін жүйе - таза бизнестің ең үлкен кепілі.
«Мен кәсіпкер ретінде мынаны күтемін:
- заңның бәріне бірдей жұмыс істеуін;
- соттың тәуелсіз болуын;
- меншікке қол сұқпау қағидатының мызғымас болуын;
- бизнесті «күдікті» емес, қоғамның тірегі ретінде қабылдауды.
Таза бизнес ешқашан артықшылық сұрамайды. Ол тек әділдік сұрайды. Тең мүмкіндік пен болжамды ортаны талап етеді. Жаңа Конституция жобасы осы талаптарға негіз бола алатын бағытты көрсетіп отыр.
Ендігі басты жауапкершілік - бұл қағидалардың нақты институттар мен күнделікті практикада іске асуында. Ал кәсіпкерлер үнсіз бақылаушы болмауы тиіс. Себебі әділ ереже талап етілмесе, ол ешқашан өздігінен пайда болмайды», - деді Мұхит Асанов.