«Көлікке күштеп отырғызып алған»: Алматыда адам ұрлағандар ұсталды

«Көлікке күштеп отырғызып алған»: Алматыда адам ұрлағандар ұсталды
Фото: polisia.kz

Алматы қаласында полиция қызметкерлері адам ұрлағандардың жолын кесті, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Белгісіз біреулер бір азаматты күш қолданып көлікке отырғызып алып кеткені туралы полицияға куәгерлер хабарлаған. Оперативтік басқару орталығы белгіленген жоспарға сәйкес әрекет етіп, полиция экипаждары күдікті көлікті тез арада тапты және тоқтатты.

«Көлік салонында жәбірленуші және оқиғаға қатысы бар бірнеше ер адам болған. Кдіктілер өзін құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырып, ойдан шығарылған себеппен азаматқа психологиялық қысым көрсетуге тырысқан», делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Күдікті тұлғалар уақытша ұстау изоляторына қамалды.

«Бұл – аса ауыр қылмыс. Куәгердің қырағылығы мен полиция қызметкерлерінің жедел әрекетінің арқасында заңсыз әрекеттің жолы кесілді. Азаматтарды арандатушылыққа берілмеуге және күмән туындаған жағдайда «102» нөміріне дереу хабарласуға шақырамыз», – деді Алмалы аудандық Полиция басқармасының бастығы Мақсат Пшан.

Еске салсақ, Алматы облысында заңсыз интернет-казино ұйымдастырған қылмыстық топқа қатысты тергеу жүргізіліп жатыр.