Кекушин будокай каратэден Astana Open турниріне 12 әлем чемпионы қатысты

Кекушин будокай каратэден Astana Open турниріне 12 әлем чемпионы қатысты
Фото: Қанат Байұзақов

Бүгін, 15 ақпан күні, Астанада «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында, сондай-ақ есірткі қылмысына қарсы күрес шеңберінде дәстүрлі Astana Open VI кекушин будокай каратэ турнирі өтіп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жарыс аясында ката және кумитэ бойынша 600-ге жуық қатысушы татамиге шығуға ниет білдірген.

«Биылғы турнирге Қазақстанның 15 өңірінен қатысып жатыр. Оның ішінде 12 әлем чемпионы бар. Astana Open арқылы қатысушылар алдағы 2-3 мамыр күні Beeline Arena сарайында  өтетін Азия чемпионатына дайындала алады. Жарыстың ерекшелігі - 4 жастан бастап ардагерлерге дейін қатысуға рұқсат», - деді турнирдің ұйымдастырушысы Нұрсұлтан Әлиакбаров.


Кекушин будокай каратэ жазғы Олимпиада мен Азия ойындарының бағдарламасына кірмесе де, елімізде танымал спорттардың қатарына кіреді. Қазіргі сәтте бұл спортпен 5000-дай адам тұрақты айналысады. 

«Astana Open турнирі биылғы басты жарыстың алдындағы сынақтардың бірі болмақ. Өйткені халықаралық Кекушин будокай каратэ федерациясы елімізге құрмет танытып, сары құрлық додасын сеніп тапсырды. Өңірлер арасынан да Астана қаласының бәсі жоғары. Елордалық  спортшылар Филиппиндегі Азия чемпионатында жалпы есепте топ жаруға және Польшадағы жаһандық додада жалпы есепте 4-орын алуына үлкен қосты», - деді Қазақстан кёкушин будокай каратэ федерациясының президенті Эркинбек Ахмадалиев.

Айта кетейік, жарыс жеңімпаздары жас ерекшеліктері бойынша арнайы кубокпен марапатталады.