Кардиолог: Ішімдікті тоқтатқанда жүрек пен қан тамыр жүйесінде жақсы өзгеріс көп болады
Жүрек аурулары көбіне бірден байқалмай, жылдар бойы біртіндеп дамуы мүмкін. Осы тұрғыда ішімдіктің жүрек пен қан тамырларына әсері, оның қысқа және ұзақ мерзімді салдары туралы Астана қаласындағы №6 қалалық емхананың кардиологы, ультрадыбыстық зерттеу дәрігері Дильяра Наурызқұлова Elordainfo.kz тілшісіне айтып берді.
Қазір ішімдікті тұтынған соң жүрек пен қан тамырларына әсері бірден байқалмауы мүмкін. Дегенмен мамандар оның уақыт өте келе ағзаға кері әсері жиналып, жүрек жұмысы мен қан қысымына зиян келтіретінін айтады.
«Ішімдік жүрек пен қан тамырларына қысқа уақытта да, ұзақ мерзімде де әсер етеді. Аз мөлшерде тұтыну қауіпсіз деп айтылатын пікірлер бар. Бірақ, тұрақты немесе көп қолдану жүрекке зиянын тигізуі мүмкін. Ішімдік негізгі әсерлері қан қысымын көтереді. Қан тамырларын уақытша кеңейткенімен, кейін қысым жоғарылап, гипертония қаупін арттырады. Оған қоса, жүрек ырғағын бұзады. Жүректің қағуы жиілеп, аритмия пайда болуы мүмкін.
Ұзақ уақыт көп алкоголь қолдану жүректің жиырылу күшін төмендетіп, жүрек жеткіліксіздігіне әкелуі мүмкін. Сондай-ақ инфаркт пен инсульт қаупін арттырады. Қан қысымы, холестерин, аритмия арқылы қан тамырларына салмақ түсіп, тромб түзілу қаупі өседі. Қан тамырларының серпімділігі төмендеп, атеросклероздың дамуына ықпал етеді. Ішімдіктің калориясы жоғары, ол тәбетті күшейтеді. Бұл артық салмаққа, кейін жүрек ауруы мен диабетке әкелуі мүмкін», - деді Дильяра Наурызқұлова.

Кардиологтың айтуынша, кей адамдарда ішімдіктен кейін «мерекелік жүрек синдромы» деп аталатын жағдай кездеседі. Мұндай кезде жүрек қатты әрі ретсіз соғады екен.
«Тамырлар кеңейіп, кейін қайта тарылған кезде бас айналуы мүмкін. Ал, көп мөлшерде ішкен жағдайда жүрекке жедел жүктеме түседі. Кей адамдарда тіпті бір рет көп ішкеннен кейін де аритмия немесе гипертониялық дағдарыс болуы мүмкін», - дейді ол.
Маманның сөзінше, алкогольдің зияны көп жағдайда бірден сезілмей, уақыт өте келе белгі беормей қордалана береді.
«Көп адам жүрекке зиян келіп жатқанын бірден байқамайды. Себебі, алғашқы белгілер жеңіл немесе шаршау, күйзеліс деп қабылданады. Осы орайда назар аударатын жасырын белгілер бар», - дейді кардиолог.
Олар:
- Тез шаршау, ентігу;
- Бұрын оңай істейтін жұмыстан кейін әлсіздік сезіну;
- Баспалдақпен көтерілгенде немесе жай жүргенде ауа жетпеуі;
- Жүректің дүрсілдеп, ретсіз соғуы;
- «Жүрегім атқақтап кеткендей болды» деген сезім;
- Қан қысымының жиі көтерілуі;
- Таңертең аянғанда бас ауруы;
- Аяқтың ісінуі, кешке қарай аяқ киім тар болуы;
- Кеуде тұсындағы жайсыздық;
- Ұйқының бұзылуы;
- Түнде ауа жетпей ояну немесе жүрек қағуын сезіну;
- Бас айналу, әлсіздік;
- Тершеңдік;
- Аз қимылдаса да суық тер шығуы;
- Физикалық жүктемеге төзімділіктің төмендеуі;
- Бұрынғыдай ұзақ жүре алмау.
«Ал, мына белгілер болса, дәрігерге міндетті түрде қаралған дұрыс. Ол – кеуденің ауыруы, ентігудің күшеюі, жүрек соғысының жиі бұзылуы, қысымның тұрақты жоғары болуы», - деп ескертті Дильяра Наурызқұлова.
Ішімдіктің қан қысымына әсері жиі талқыланатын мәселе. Оны тұтыну қан тамырлары мен жүрек жұмысына ықпал етіп, қысымның көтерілу қаупін арттыруы мүмкін.
«Ішімдік қан қысымының көтерілуіне тікелей әсер етеді. Алғашында ол қан тамырларын уақытша кеңейткендей болады, бірақ біраз уақыттан соң тамырлар қайта тарылып, жүрекке жүктеме артады. Соның әсерінен қан қысымы көтерілуі мүмкін. Бұл әсіресе жиі ішімдік ішетін адамдарда байқалады, алкогольді көп мөлшерде қолданғанда, стресс, артық салмақ болғанда, темекі мен ішімдік бірге пайдаланылса қысым көтеріледі. Ұзақ уақыт алкоголь қолдану тұрақты гипертонияға, жүректің қалыңдауына, инфаркт пен инсульт қаупінің артуына әкелуі мүмкін. Сондықтан қан қысымы бар адамдарға алкогольді шектеу өте маңызды», - деп атап өтті дәрігер.
Дильяра Наурызқұлованың тәжірибесінде ішімдіктің салдарынан жүрек-қан тамыр мәселесіне тап болған жастар да кездеседі. Ең жас пациент 28 жаста болған. Осы тұста қоғамда көп жастар «аз мөлшерде ішімдік ішу зиян емес» деген пікірді алға тартады. Алайда медицина бұл көзқарасты қолдамайды.
«Бұл пікір шындыққа жанаспайды. Кей адамдар «аздап ішсем қысым түседі» деп ойлағайды, алайда бұл тек уақытша әсер. Кейін қан қысымы қайта көтеріліп, тамырларға зиян келтіруі мүмкін», – дейді кардиолог.
Ішімдіктің инфаркт пен инсульт сияқты ауыр жүрек-қан тамыр ауруларының қаупіне ықпалы медицинада кеңінен қарастырылатын мәселе.
«Ішімдік инфаркт пен инсульт қаупін арттыруы мүмкін. Әсіресе жиі немесе көп мөлшерде қолданғанда қауіп айқын жоғарылайды. Ішімдік бұл қауіпке бірнеше жолмен әсер етеді. Бұлар қан қысымын көтереді. Бұл инфаркт пен инсульттің негізгі қауіп факторларының бірі. Жүрек ырғағын бұзады. Аритмия тромб түзілу қаупін арттырып, инсультке әкелуі мүмкін. Қан тамырларын зақымдайды. Тамыр қабырғасы серпімділігін жоғалтып, атеросклероз дамиды.
Қанның қоюлануына әсер етеді. Кей жағдайда тромб түзілу ықтималдығы артады. Артық салмақ пен диабетке ықпал етеді. Бұл да жүрек-қантамыр ауруларының қаупін күшейтеді», - деп атап өтті Дильяра Наурықұлова.
Дәрігер ішімдіктің ең қауіпті тұсы – оның салдарының бірден білінбеуі екенін айтады.
«Ең қауіптісі – адам өзін ұзақ уақыт қалыпты сезінуі мүмкін. Бірақ, ішкі өзгерістер біртіндеп жиналып, кейін инфаркт немесе инсульт түрінде кенет байқалуы ықтимал. Әсіресе мына адамдар сақ болуы керек. Олар гипертониясы бар адамдар, диабетпен ауыратындар, темекі шегетіндер, холестерині жоғары адамдар, жүрек ауруы бар науқастар. Сондықтан ішімдікті шектеу – жүрек пен ми тамырларын қорғаудың маңызды қадамының бірі», - дейді дәрігер.
Бүгінде ішімдікті азайту немесе одан бас тарту жүрек пен қан тамыр жүйесіне қалай әсер етеді, деген сұрақ өзекті болып отыр.
«Адам ішімдікті тоқтатса немесе айтарлықтай азайтса, жүрек пен қан тамыр жүйесінде жақсы өзгерістер болуы мүмкін. Ағза белгілі бір деңгейде қалпына келе алады, әсіресе өзгеріс ерте басталса. Болуы мүмкін оң әсерлерге қан қысымы төмендеп, бірнеше аптада қысым тұрақталуы жатады. Жүрек соғысы қалыпқа келіп, қағысы мен аритмия эпизодтары сиреуі мүмкін. Жүрекке түсетін жүктеме азаяды. Жүрек бұлшықеті «демалып», тиімдірек жұмыс істей бастайды. Қан тамырларының жағдайы жақсарып, серпімділігі біртіндеп қалпына келуі мүмкін, инфаркт пен инсульт қаупі төмендейді. Әсіресе қан қысымы, салмақ және қант деңгейі де бақылауда болса ұйқы мен жалпы жағдай жақсарады. Әлсіздік, ентігу, шаршау азаюы мүмкін, салмақ тастауы мүмкін, алкогольдегі артық калория азайып, зат алмасу жақсарады. Бауыр мен жүйке жүйесіне де пайдасы тиеді.
Бұл жүрекке жанама түрде оң әсер етеді. Бірақ, егер ұзақ жылдар бойы көп ішімдік тұтынып, жүрек қатты зақымданса, кей өзгерістер толық қалпына келмеуі мүмкін», - деп атап өтті жүрек дәрігері.
Оған тұрақты жүрек жеткіліксіздігі, ауыр аритмия, айқын атеросклероз жатады. Сондықтан, неғұрлым ерте тоқтатса, соғұрлым пайдасы көбірек болады. Тіпті бірнеше айдың өзінде ағзада оң өзгерістер байқала бастайды.
Дильяра Наурызқұлова жүрек саулығын сақтап, ішімдіктің зиянын алдын алу үшін маман күнделікті қарапайым қағидаларды ұстануға кеңес береді.
Алкогольді шектеу немесе толық бас тарту. Бұл қан қысымын, жүрекке түсетін жүктемені азайтады.
Қозғалысты көбейту. Күніне кемінде 30 минут жаяу жүру, жеңіл жаттығу жасау жүрекке пайдалы.
Дұрыс тамақтану. Тұзды, тәттіні, майлы тағамды азайтып, көкөніс пен жемісті көбейту керек.
Қан қысымын бақылау. Қысымның жоғарылауын ерте анықтау инфаркт пен инсульттің алдын алады.
Темекіден бас тарту. Темекі мен алкоголь бірге жүрек пен тамырларға өте зиян.
Ұйқыны реттеу. Тұрақты әрі сапалы ұйқы жүрек жұмысына оң әсер етеді.
Артық салмақты бақылау. Артық салмақ жүрекке қосымша күш түсіреді.
Стресті азайту. Демалыс, таза ауа, жақындармен қарым-қатынас та жүрек денсаулығына маңызды.
Уақытылы тексерілу. Қант, холестерин, ЭКГ, қан қысымын тексеріп тұрған дұрыс.
Кардиологтің айтуынша, скрининг тексеруі аурудың алдын алуда маңызды рөл атқаратынын айтып, оның тегін жүргізілетінін жеткізді. Оны әр азамат өзі бекітілген емханасында өте алады. Мұндай тексеру кезінде қан қысымы, жүрек соғысы, сатурация, салмақ, сондай-ақ, қандағы холестерин мен қант деңгейі анықталады.
Мадина Ізекенова