04.12.2025
RU
Мәзір

Ірі қара мал етін шет елдерге экспорттауға рұқсат күшіне енді

|
Ірі қара мал етін шет елдерге экспорттауға рұқсат күшіне енді
Фото: ҚР Үкіметі

3 желтоқсаннан бастап Қазақстан аумағынан үшінші елдерге және ЕАЭО елдеріне ірі қара мал етін әкетуге квоталар бөлу қағидалары күшіне енді. Аталған норма 2025 жылғы 31 желтоқсанына дейін қолданылады. Бұл туралы АШМ мәлім етті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Ведомствоның мәліметінше, ірі қара мал етін әкетуге арналған сандық лимит 13 000 тоннаны құрайды.

Бір тұлғаға арналған квота мөлшері бордақылау алаңының қуаттылығына байланысты мынадай мөлшерде белгіленеді:

– бордақылау алаңының қуаттылығы 5 000 басталғанда – 1 000 тонна;

– бордақылау алаңының қуаттылығы 10 000 басталғанда – 2 000 тонна;

– бордақылау алаңының қуаттылығы 15 000 басталғанда – 3 000 тонна;

– бордақылау алаңының қуаттылығы 20 000 басталғанда – 4 000 тонна.

Квота өзінің бордақылау алаңынан мал басын пайдалану кезінде ет өңдеуші кәсіпорынның ірі қара малының етіне бөлінеді.

Квота мынадай өлшемшарттарға сәйкес келетін жеке және/немесе заңды тұлғаларға (оның ішінде экспорттық компанияларға) бөлінеді:

– есепке алу нөмірі бар ет комбинатының болуы;

– біржолғы қуаты кемінде 5 000 бас ірі қара мал болатын, есепке алу нөмірі бар жеке бордақылау алаңының болуы, малдың жасы кемінде 12 ай, ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру дерекқорында тіркелген, бордақылау ұзақтығы кемінде 4 ай болуы, сондай-ақ осы ірі қара мал басында құлақ сырғалары түрінде радиожелілік белгісімен сәйкестендірудің болуы (RFID). Бөлу сәтіндегі квота көлемін есептеу және жоғарыда көрсетілген өлшемшарттарға сәйкес бір бастың орташа тірі салмағы 200 келі болып айқындалады;

– сыртқы экономикалық келісімшарттарының болуы.

«Квоталар «Е-лицензиялау» порталында бөлінеді және «Сандық шектеулер (квоталар) енгізілген кезде тауарлардың жекелеген түрлерінің экспортына және импортына лицензия беру» мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларына сәйкес жекелеген тауар түрлерін экспорттауға лицензия алу кезінде автоматты түрде беріледі», - делінген хабарламада.

Лицензия иелері лицензияның қолданылу мерзімі өткеннен кейін күнтізбелік 15 күн ішінде уәкілетті органға Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің 2023 жылғы 24 қарашадағы № 125 шешімімен бекітілген Үшінші елдермен саудада тарифтік емес реттеу шаралары қолданылатын тауарлардың бірыңғай тізбесіне енгізілген тауарлардың экспортына және импортына лицензиялар мен рұқсаттар беру қағидаларына № 3 қосымшаға сәйкес нысан бойынша тауарлардың экспортына және импортына лицензияның орындалуы туралы анықтаманы ұсынады.

«Сандық шектеулер (квоталар) енгізілген кезде жекелеген тауар түрлерін экспорттауға және импорттауға лицензия беру» мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларымен толығырақ сілтеме арқылы танысуға болады.

Естеріңізге салсақ, бұған дейін еліміз ет экспортын жылына 50 мың тоннаға дейін арттыруды жоспарлаған болатын.

Айта кетейік, елордада 6-7 желтоқсан күндері Ақмола, Абай, Қарағанды, Түркістан және Павлодар облыстарының ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің қатысуымен кезекті «Соғым-FEST» ет жәрмеңкесі өтеді.

Ұқсас жаңалықтар

Барлығы ↗