ІІМ жасөспірімдерді интернетте «дроп» рөліне қалай тартатынын көрсетті
Ішкі істер министрлігі интернетте алаяқтар жасөспірімдерді банк карталарымен байланысты заңсыз схемаларға тартуы мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды Elordainfo.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство жасөспірімдер мен олардың ата-аналарын интернеттегі күмәнді қаржылық ұсыныстардан сақ болуға шақырды.
«Алаяқтар көбіне мессенджерлер, әлеуметтік желілер және онлайн ойындар арқылы «жеңіл табыс» табуды ұсынады. Алаяқтар жасөспірімдерге өз банк картасына ақша қабылдап, кейін оны басқа шоттарға аударуды немесе қолма-қол ақшаға айналдыруды сұрайды. Алайда мұндай операциялар ұрланған қаражатты заңдастыру схемасының бір бөлігі болуы мүмкін. Шын мәнінде бұл ұрланған қаражатты жымқыру схемасы болып саналады. Алаяқтар ізін жасыру үшін «дроптарды» пайдаланады: ақша бөгде шоттар арқылы өтіп, ал ұйымдастырушылар жасырын қалады», – деп ескертті ІІМ.
Ведомствоның мәліметінше, мұндай әрекеттерге қатысқан адамдар қылмыстық схеманың қатысушысы ретінде қарастырылуы мүмкін. Сондықтан құқық қорғаушылар банк картасының деректерін бөгде адамдарға бермеуге кеңес береді.
Сондай-ақ полиция азаматтарды ақша аудару арқылы тез табыс табуға уәде беретін ұсыныстарға сенбеуге шақырды. Күдік туындаған жағдайда ата-аналарға немесе сенімді ересек адамға хабарласу ұсынылады.
ІІМ интернет кеңістігінде таралатын қаржылық ұсыныстарға мұқият қарап, заңсыз әрекеттерге тартылу қаупін ескеруге шақырды.