ІІМ тұрғындарды жалған айыппұл хабарламаларына сенбеуге шақырды
Соңғы уақытта тұрғындардың ұялы телефондарына «ҚР Жол полициясы департаменті» атауымен әкімшілік айыппұлдар туралы күмәнді SMS-хабарламалар жиілеп кеткен, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрліктің мәліметінше, бұл хабарламаларды алаяқтар азаматтардың жеке деректері мен ақша қаражатын иемдену мақсатында таратып отыр. Хабарламаларда көбіне күмәнді интернет-сілтемелер көрсетіліп, сол арқылы пайдаланушылардың жеке мәліметтеріне қол жеткізу әрекеттері жасалады.
Осыған байланысты ІІМ азаматтарды сақ болуға, белгісіз сілтемелерге өтпеуге және бөгде сайттарға жеке деректер мен банк карталарының мәліметтерін енгізбеуге шақырды.
Әкімшілік айыппұлдардың бар-жоғын тек ресми ақпарат көздері арқылы тексеру қажет:
– qamqor.gov.kz;
– eGov.kz;
– екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы.
Полиция тұрғындарды қырағылық танытып, интернет-алаяқтардың арбауына түспеуге үндеді.
Бұған дейін алаяқтар жасөспірімдердің аккаунттарын пайдаланып жүргені туралы ІІМ ескерту жасағанын жазғанбыз.