«Finsky Ice» және «Сибирские морозы» арақтарын семейлік гаражында қолдан әзірлеген

«Finsky Ice» және «Сибирские морозы» арақтарын семейлік гаражында қолдан әзірлеген
ҚМА видеосының скрині

Семей қаласының тұрғыны тиісті лицензиясыз алкоголь өндіруді ұйымдастырған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

Заңсыз алкоголь өнімдерін өндіретін жасырын цехты агенттіктің Абай облысы бойынша департаменті Семей қаласының Мемлекеттік кірістер департаментімен бірлесіп анықтаған. 

Гаражда спиртті сумен араластыру арқылы ішімдік дайындалып, кейін танымал брендтердің атауымен бөтелкелерге құйылған. Өнімге заңды сипат беру үшін қолдан жасалған есепке алу-бақылау маркасы пайдаланылған. Тінту барысында заңсыз айналымнан «Finsky Ice» және «Сибирские морозы» атауымен 12 мыңнан астам бөтелке алкоголь, 8 мыңнан аса бос бөтелке, 10 мың литрден астам спирт, жалған маркалар, сондай-ақ өндіру және буып-түю жабдықтары тәркіленді.

Соттың санкциясымен цех орналасқан жекеменшік үйге, сондай-ақ өнімді тасымалдауға пайдаланылған үш автокөлікке тыйым салынды.

Ұйымдастырушы елден шықпау туралы қолхатпен босатылды. Қазір тергеу жүріп жатыр. 

Еске салсақ, Қостанайда полицейді жабылып соққыға жыққандардың үстінен қылмыстық іс қозғалды.