Фельдшер Ұлдана Мырзуанның анасы марқұм қызының орындалмаған армандары туралы айтты

Фельдшер Ұлдана Мырзуанның анасы марқұм қызының орындалмаған армандары туралы айтты
Фото: Оңалхан Өнерхан

Кәсіби міндетін орындау кезінде ауыр жарақат алып, қайтыс болған Астана қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының фельдшері Ұлдана Мырзуанның анасы Сәлима Ишанқұлқызы марқұм қызы туралы естелік айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Ұлдана тумысынан өте өжет, қайсар қыз болды. Кішкентай кезінен талапшыл еді. Алдына бір мақсат қойса, соған жетпей қоймайтын. Мектепте алғыр да зейінді оқушы болды. Егер кешкісін ұйықтап қалып, үй тапсырмасын орындай алмай қалса, таңғы уақытта сабаққа барғанына дейін, міндетті түрде жанталасып орындаушы еді. 6-сыныптан 7-сыныпқа көшкен кезіндегі сәті кеше ғана сияқты әлі есімде. Назарбаев зияткерлік мектебіне тест тапсыруға бірге барғанбыз. Қалтасында бір парақ қағазға жазған хаты барын сол кезде көрмеппін. «Құдай ата, мен мектепте жақсы оқимын. Бірақ менің әлі де арман-мақсатым көп. Ата-анамды қуантқым келеді. Сол үшін Назарбаев зияткерлік мектебіне түскім келеді. Ата-анам мені мақтан тұтатын жұлдыз болғым келеді» деп жазған екен. Кеше ғана нағашы әпкесінде сақталған сол хатын оқып, көз жасымды бір сығып алдым. Бірақ сол кезде зияткерлік мектепке тесттен бір балл ғана жетпей, түсе алмай қалды. Мектепте үздік оқушы болмаса да, колледжді қызыл дипломға бітірді. Қызым маған: «Мама, менің алға қойған мақсатым көп. Мен әлі жоғары оқу орнында, магистратурада оқуым керек. Сізді әлі толық қуанта алмадым» деуші еді. «Қазіргі оқыған мамандығың бойынша жұмысыңды жақсы істе. Өмірің әлі алда, асықпа, оқып үлгересің» дейтінмін. Дегенмен қысқа ғана ғұмырында Ұлдана бірер арманына жетті», - деді Сәлима Ишанқұлқызы Elordainfo.kz тілшісіне.

Түркістан облысы Жетісай ауданы Үтіртөбе ауылында 2002 жылдың 31 қаңтарында дүниеге келген. Екі әпкесінен кейінгі үйдің үшінші қызы, өзінен кейін Уәлихан есімді інісі бар. Осы ауылдағы Сәтбаев атындағы орта мектепте білім алған Ұлдана 9-сыныптан кейін 2017-2021 жылдары Астанадағы «Даналық» жоғары медициналық колледжінде емдеу ісі мамандығы, фельдшер біліктілігі бойынша оқыған.

«Оған студент кезінде ақшалай жәрдем берген кезіміз болмапты. Жолақысы, киім-кешегі – бәріне өз ақшасын жеткізді. Арасында: «Қызым, қалайсың?» деп қалын сұрағанымда: «Мама, менде бәрі жақсы, ақшам бар. Маған шығындалмаңыздар. Інім Уәлиханды оқытыңыздар» деуші еді. Бізге еш салмақ салмады. Өз күшімен оқыды, кейін де тынбай еңбек етті», - деді Сәлима Ишанқұлқызы.

Естеріңізге сала кетейік, кәсіби міндетін атқару кезінде ауыр жарақат алған астаналық фельдшер Ұлдана Мырзуан 18 қараша күні ауруханада қайтыс болған еді.

Кейін Президент қаза тапқан фельдшерді «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады.

Бүгін, 25 желтоқсан күні, денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың қатысуымен Астана қалалық жедел медициналық жәрдем станциясы ғимаратының қабырғасында фельдшер Ұлдана Қалдарханқызы Мырзуанға арналған ескерткіш тақта ашылды.

Фото: «Даналық» жоғары медициналық колледжі

Артынша «Даналық» жоғары медициналық колледжінде Ұлдана Қалдарханқызы Мырзуан атындағы «Жалпы хирургия, анестезиология және реанимация» кабинеті ашылды.