Астанадағы «Даналық» колледжінде фельдшер Ұлдана Мырзуан атындағы кабинет ашылды

Астанадағы «Даналық» колледжінде фельдшер Ұлдана Мырзуан атындағы кабинет ашылды
Фото: «Даналық» жоғары медициналық колледжі

З.Г.Мурзагулова атындағы «Даналық» жоғары медициналық колледжінде қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан колледж түлегі – фельдшер Ұлдана Қалдарханқызы Мырзуан атындағы «Жалпы хирургия, анестезиология және реанимация» кабинеті ашылды, деп хабарлады Elordainfo.kz

Кабинеттің ашылуына Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіпов, Ғылым және адами ресрурстар департаментінің директоры Фарида Ержанова, әкімшілік жұмыс департаменті директорының орынбасары Әлішер Әубәкіров, Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айнұр Төлеуова және Ұлдана Мырзуанның анасы Сәлима Ишанқұлқызы мен туыстары қатысты.

Ұлдана Қалдарханқызы бұл колледжде 2017-2021 жылдары емдеу ісі мамандығы фельдшер біліктілігі бойынша білім алған.

«Біз Ұлдана Қалдарханқызының рухына терең қайғы мен зор мақтаныш сезімімен бас иеміз... Оның жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады.

Ұлдана Мырзуан есімімен аталатын кабинет біздің шексіз алғысымыз бен терең құрметіміздің символына айналсын.

Ұлдананың тағдыры медицина жолын таңдаған жас ұрпаққа бағыт-бағдар, адам денсаулығын қорғау жолындағы жанқиярлық қызметтің үлгісі болсын», – делінген колледж ұжымының хабарламасында.

З.Г.Мурзагулова атындағы «Даналық» жоғары медициналық колледжі 1998 жылы ашылған. Бүгінде Жарқынбай Сарымсақов басшылық ететін оқу орнында 93 педагог қызмет атқарады. «Емдеу ісі», «Мейіргер ісі», «Фармация» мамандықтары бойынша 1458 студент білім алып жатыр.

Бұған дейін Астана қалалық жедел медициналық жәрдем станциясы ғимаратының қабырғасында Ұлдана Мырзуанға арналған ескерткіш тақта ашылғанын жаздық.

Естеріңізге сала кетейік, кәсіби міндетін орындау кезінде ауыр жарақат алған фельдшер Ұлдана Мырзуан 18 қараша күні ауруханада қайтыс болған еді.

Артынша Мемлекет басшысының Жарлығымен Ұлдана Қалдарханқызы Мырзуан (марқұм) «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған болатын.