ЕҮАК отырысында 12 құжатқа қол қойылды
Қазақстанның ЕАЭО төрағалығы шеңберінде Шымкентте Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысы аяқталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Онда еуразиялық интеграцияны дамытудың, оның ішінде өнеркәсіптік кооперацияны, технологиялық дамуды, кедендік реттеуді, экономикалық тұрақтылықты, цифрлық трансформацияны, тұтынушы құқығын қорғаудың кең ауқымды мәселелері қаралды.
Ресми делегация басшылары: Беларусь Республикасының Премьер-министрі Александр Турчин, Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Адылбек Касымалиев, Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин, Армения Республикасының вице-премьері Мгер Григорян пікір білдіріп, сондай-ақ бақылаушы мемлекеттерден – Өзбекстан Республикасының Премьер-министрі Абдулла Арипов, Куба Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – сыртқы сауда және шетелдік инвестициялар министрі Оскар Перес-Олива Фрага сөз сөйледі.
ЕҮАК отырысының қорытындысы бойынша 12 құжатқа қол қойылды. Қабылданған шешімдер интеграциялық процестерді одан әрі дамытуға және мүше мемлекеттер экономикаларының тұрақтылығын нығайтуға бағытталған.
Келесі отырыс 6-7 тамыз күндері Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласында өтеді.
Еске сала кетсек, жиында Олжас Бектенов ЕАЭО-дағы жүк ағындарын үйлестірудің ЖИ арқылы интеграцияланған платформасын құруды ұсынды.