Ескерту: Алдағы үш күнде бірқатар өңірде аяз 40 градусқа жетеді
Синоптиктер 15-17 қаңтарға арналған ауа райы болжамын жария етті, деп хабарлады Elordainfo.kz Қазгидрометке сілтеме жасап.
Синоптиктердің болжауынша, алдағы күндері Қазақстан аумағындағы ауа райын Солтүстік мұзды мұхиттан ығысқан антициклон айқындайды. Соның салдарынан ел аумағында ауа температурасы күрт төмендейді.
«15 қаңтарда елдің солтүстік және шығыс облыстарында түнгі уақытта ауа температурасы 30-40 градус аязға дейін төмендейді.
Оңтүстік өңірлерде түнде ауа температурасы 5-13 градус аязға дейін, ал оңтүстік-шығыс облыстарда 8–17 градусқа дейін суытады.
Таулы аудандарда 20-25 градус аяз болады», - делінген хабарламада.
Қазақстанның оңтүстігінде 15-16 қаңтарда негізінен қар жауады, жаяу бұрқасын соғып, көктайғақ болады.
Елдің оңтүстік-шығысында 16-17 қаңтарда қалың қар жауып, жаяу бұрқасын соғады, тұман түсіп, көктайғақ болады.
Еске сала кетейік, бүгін Астанада қатты аяз болғандықтан екінші ауысымдағы 9-сыныпқа дейінгі мектеп оқушылары сабақты қашықтан оқыды.