Референдум-2026

Enbek.kz порталында жасанды интеллект негізіндегі жаңа сервис іске қосылды

Enbek.kz порталында жасанды интеллект негізіндегі жаңа сервис іске қосылды
Коллаж: Еlordainfo.kz/pexels.com

Enbek.kz электрондық еңбек биржасында Цифрлық жұмыспен қамту қызметі іске қосылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жаңа сервис жасанды интеллект технологияларының көмегімен азаматтарға білімі, жұмыс тәжірибесі, кәсіби дағдылары мен мансаптық қызығушылықтарына сәйкес жұмыс табуға мүмкіндік береді.

Министрліктің мәліметінше, сервис құрамындағы Мансаптық профиль пайдаланушыларға кәсіби даму бағыттарын анықтауға, жұмысқа қабылдау кезіндегі сұхбаттасуға дайындалуға және жұмысқа орналасу барысын бақылауға көмектеседі.

Қазіргі уақытта жаңа қызмет пилоттық режимде Павлодар облысында жұмыс істеп тұр. Жақын уақытта ол Маңғыстау облысында іске қосылып, кейін Қазақстанның барлық өңірінің тұрғындары үшін қолжетімді болады.

Бұған дейін қоныс аударуды жоспарлаушыларға жаңа цифрлық сервис ұсынылғанын жазғанбыз.