Референдум-2026

Қоныс аударуды жоспарлаушыларға жаңа цифрлық сервис ұсынылды

Бүгін, 11:42
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Қоныс аударуды жоспарлаушыларға жаңа цифрлық сервис ұсынылды
Фото: Magnific.соm

migration.enbek.kz порталында ерікті қоныс аудару мүмкіндігін қарастырып жүрген азаматтарға арналған жаңа цифрлық сервис іске қосылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап. 

Пайдаланушылар өздерін қызықтыратын өңірді таңдап, сол аймақтағы бос жұмыс орындары, мемлекеттік қолдау шаралары, тұрғын үй жағдайлары және бағдарламаға қатысушыларға ұсынылатын өзге де мүмкіндіктер туралы ақпаратты бірден ала алады.

Порталда сұранысқа ие мамандықтар тізіміне ерекше назар аударылған. Бұл азаматтарға қоныс аудармас бұрын еңбек нарығындағы өз мүмкіндіктерін алдын ала бағалауға жол ашады. Бүгінде ең сұранысқа ие мамандықтардың қатарында:

-Денсаулық сақтау – дәрігерлер, мейіргерлер және өзге де медицина қызметкерлері;

-Білім беру – мұғалімдер, мектепке дейінгі және орта білім беру педагогтері;

-Инженерлік-техникалық бағыт – түрлі техникалық мамандық иелері;

-Ауыл шаруашылығы – агрономдар, ветеринарлар және салалық мамандар;

-Көлік – механизаторлар, тракторшылар және жүргізушілер;

-Жұмысшы мамандықтары – электр монтерлері, электр мамандары, дәнекерлеушілер, токарьлар;

-Құрылыс – тас қалаушылар, бетоншылар, монтажшылар және әрлеушілер;

-Басқару және әлеуметтік сала – бухгалтерлер, экономистер, мемлекеттік және әлеуметтік қызмет көрсету саласының мамандары.

Аталған тізім өңірлік еңбек нарықтарының сұранысына сәйкес тұрақты түрде жаңартылып отырады. Бұл пайдаланушыларға өзекті әрі сенімді ақпарат алуға, өз мүмкіндіктерін алдын ала бағалап, кәсіби дағдылары жоғары сұранысқа ие болатын өңірді таңдауға мүмкіндік береді.

Сервистің интерактивті картасында елді мекендер, әлеуметтік нысандар, инфрақұрылым және кеңес алуға арналған байланыс деректері туралы мәліметтер де орналастырылған. Бұл қоныс аударуды жоспарлау үдерісін барынша ашық әрі түсінікті етеді.

Еске салайық, бұған дейін елімізде шетелдік пациенттер үшін «Бір терезе» жүйесі құрылғаны туралы жаздық.