Enbek.kz: наурызда жұмыс орындары артты, түйіндемелер азайды

Бүгін, 14:12
Думан Аманжол Думан Аманжол
Enbek.kz: наурызда жұмыс орындары артты, түйіндемелер азайды
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

2026 жылдың наурыз айында Enbek.kz электрондық еңбек биржасында жұмыс берушілер 102,6 мың бос жұмыс орнын жарияласа, жұмыс іздеушілер 107,1 мың түйіндеме қалдырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

Ал жыл басынан бері платформада барлығы 304,3 мың вакансия және 394,4 мың түйіндеме жарияланды.

«Ақпан айымен салыстырғанда бос жұмыс орындарының саны 3,7%-ға өсіп, түйіндемелер саны 14,3%-ға азайды. Соның нәтижесінде еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныс арасындағы айырмашылық айтарлықтай қысқарды: қаңтар айында түйіндемелер саны бос жұмыс орындарынан шамамен 60 мыңға артық болса, ақпанда 26 мыңға дейін төмендеп, наурызда небәрі 4,5 мың түйіндемені құрады», - делінеді хабарламада.

Салалар бойынша ең жоғары сұраныс - білім беру (22,6 мың бос жұмыс орны) және қызмет көрсету (21,2 мың) бағыттарында байқалады. Сонымен қатар денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету саласында (8,7 мың), орман және балық шаруашылығында (7,9 мың) жұмыс күші қажет.

Өңірлер ішінде Түркістан (7,7 мың), Қарағанды (7,6 мың), Астана (7,2 мың), Павлодар (7,2 мың) және Атырау (6,5 мың) облыстарында бос жұмыс орындары көп тіркелген.

Біліктілік деңгейі бойынша жұмыс берушілер көбіне орта деңгейдегі мамандарды іздейді — олардың үлесі 40%. Төмен білікті қызметкерлерге сұраныс 31%, ал жоғары білікті мамандарға қажеттілік 29% деңгейінде.

Жұмыс іздеушілердің 42%-ы — 35 жасқа дейінгі жастар. 35–44 жас аралығындағылар 26%, 45–54 жас — 20%, ал 55 жастан асқандар 12%-ды құрайды. Гендерлік құрылымда әйелдер үлесі 54%, ерлер — 46%.

Ұсыныс құрылымы да ұқсас: түйіндемелердің 42%-ы орта білікті мамандарға, 30,5%-ы жоғары білікті, ал 27,5%-ы төмен білікті үміткерлерге тиесілі.

Наурыз айында ең жоғары жалақы ұсынылған лауазымдар қатарында заң бөлім басшысының орынбасары (шамамен 1,4 млн теңге), бағдарламалық қамтамасыз ету архитекторы (1,38 млн теңге) және өндіріс басшысы (1,14 млн теңге) бар.

Ал жұмыс іздеушілер арасында HR бизнес-серіктесі (≈4,2 млн теңге), каротажшы (≈3,0 млн теңге) және өнеркәсіп саласындағы зертхана басшысы (≈2,5 млн теңге) лауазымдарынан жоғары жалақы күтетіні байқалды.

Еске салсақ, елімізде қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау күшейтілетінін жазғанбыз