Елорданың Кенесары көшесі жаңарып, жаңа қоғамдық кеңістіктер ашылады
Астананың «Сарыарқа» ауданында тарихи көшелерді жаңғырту аясында Кенесары көшесін қайта жаңарту жоспарланып отыр. Аумақтың шамамен 20 мың шаршы метрі абаттандырылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Сарыарқа» ауданы әкімдігінің мәліметінше, жоба екі маңызды қоғамдық кеңістікті – «Шахматшылар» және «Футболшылар» скверлерін жаңартуды қамтиды. Мұнда шахмат үстелдері орнатылып, жаяу жүргіншілер аймағы толықтай қайта жасақталып, тұрғындар үшін заманауи әрі қолайлы ортаға айналмақ.

Жарықтандыруға ерекше көңіл бөлініп, 70-тен астам жаңа жарық бағаны орнатылады. Сонымен қатар заманауи көше жиһаздары қойылып, көру қабілеті төмен азаматтарға арналған тактильді жабындарды қоса алғанда, кедергісіз орта қалыптастырылмақ.
«Жұмыстар Кенесары көшесінің бойымен, Республика даңғылынан Сарыарқа даңғылына дейінгі аралықты қамтиды. Кеңістік екіжақты әрі тиімді ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, ағаштар отырғызылып, тұрғындар мен қонақтарға арналған жайлы демалыс орындары мен шағын парклеттер жасақталады», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар аудан аумағында бос жатқан жерлер мен сүрілген гараждардың орнына 4 локацияда жаңа қоғамдық кеңістіктер ашу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар А. Үлімжіұлы, Рауан, Шынтас және К. Байсейітова көшелері мекенжайларында жүзеге асырылады.

Одан бөлек, 30-дан астам ауланы кешенді абаттандыру көзделген. Онда балалар ойын алаңдары, спорт аймақтары мен демалыс орындары жаңартылады.

«Аудан аумағындағы барлық абаттандыру жұмыстары биылғы сәуір айында басталып, қыркүйекке дейін жалғасады», - деді «Сарыарқа» ауданы әкімдігінен.
Бұған дейін елордада 40 мыңға жуық адам «Таза аула» акциясына қатысқанын жазған едік.