Елордада 40 мыңға жуық адам «Таза аула» акциясына қатысты

Бүгін, 17:11
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Елордада 40 мыңға жуық адам «Таза аула» акциясына қатысты
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астанада «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында қала аумағын санитарлық тазарту мен абаттандыруға бағытталған «Таза аула» экологиялық акциясы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Экологиялық іс-шара елорданың барлық ауданын қамтыды. Оған 40 мыңға жуық адам қатысты. Атап айтқанда, қала тұрғындары, мәдениет қайраткерлері, қаржы секторының өкілдері, құрылыс компаниялары, қоғам белсенділері, кәсіпорын қызметкерлері, МИБ/ПИК бірлестіктері, шағын және орта бизнес, еріктілер, студенттер және белсенді азаматтар атсалысты.

Бұл жұмысқа 900-ден астам арнайы техника жұмылдырылды. Акция барысында санитарлық тазалау, абаттандыру және көгалдандыру жұмысы жүргізілді. Қатысушылар аулаларды, көшелерді, саябақтар мен қоғамдық кеңістіктерді ретке келтірді.

Ауқымды іс-шара нәтижесінде 1 560 аула тазартылды. Оның ішінде көпқабатты тұрғын үйлер мен жеке сектор аулалары бар. Сонымен қатар 491 аялдама павильоны жуылып, қала аумағынан шамамен 100 тонна қоқыс шығарылды.

Іс-шараның басты мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тұрғындардың қоршаған орта тазалығына жауапкершілігін арттыру және оларды абаттандыру жұмысына тарту.

Әрбір тұрғын мен ұйым көшелер мен аулаларды көркейтуге үлес қосып, Астананы таза, жайлы әрі экологиялық қалаға айналдыра алады.