Елорданың барлық ауданында жаңажылдық мерекелік концерттер өтіп жатыр

Елорданың барлық ауданында жаңажылдық мерекелік концерттер өтіп жатыр
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Бүгін, 31 желтоқсан күні, Астананың алты ауданында қазақстандық эстрада жұлдыздары мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен мерекелік жаңажылдық концерттер өтеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Мерекелік концерттер сағат 12:00-ден бастап «Алматы» ауданының «Жерұйық» саябағында және Теміржолшылар тұрғын алабында, «Нұра» ауданының «Жағалау» скверінде және Үркер тұрғын алабында, сондай-ақ «Сарайшық» ауданының Отау және Промышленный тұрғын алаптарында өтті.

Күндізгі жаңажылдық бағдарлама сағат 14: 00-ден бастап, «Байқоңыр» ауданының «Ататүрік» саябағында және Өндіріс тұрғын алабында, «Есіл» ауданының Бағыстан тұрғын алабында және «Сарыарқа» ауданының «Қорғалжын» саябағында өтеді.

Концерттік бағдарламалар эстрада жұлдыздары Досымжан Таңатаров, Гүлнұр Оразымбетова, Айгүл Иманбаева, Зарина Омарова, Құрмаш Маханов, «Бәйтерек» тобы және басқа да әртістердің қатысуымен өтеді.

Мерекелік концерт алаңдарында Аяз ата мен Ақшақар өнер көрсетеді. Балалар үшін аниматорлардың қатысуымен интерактивті ойындар, байқаулар мен ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылады.

Айта кетейік, сағат 21:00-ден бастап қала тұрғындары мен қонақтарына арналған жаңажылдық концерттер үш негізгі алаңда, яғни «Қазақ елі» монументінің жанындағы алаңда, EXPO аумағында, сондай-ақ әкімдік алдындағы қалалық алаңда өтеді.

Іс-шараларға отандық эстрада жұлдыздары Зарина Омарова, Еркеш Хасен, Маржан Арапбаева, Сәкен Майғазиев, Қазыбек Құрайыш, Серік Ибрагимов, Жұбаныш Жексенұлы, Ақбота Керімбекова, сондай-ақ «Меломен», «Бәйтерек» топтары және басқа да әртістер қатысады.

Сонымен қатар 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түні сағат 00:00-де демеушілік қаражат есебінен ұйымдастырылған мерекелік жаңажылдық отшашу болады. Отшашу екі жерде өтеді: Ботаникалық бақта және «Атырау» көпіріне іргелес аумақта.