Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ұжымы Ата Заңның жаңартылған жобасы туралы ойларын ортаға салды
Бүгін Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында Қазақстан Республикасының Ата Заңының жаңартылған жобасын талқылауға арналған іс-шара өтті. Маңызды басқосуға орталық ұжымы түгелдей қатысып, ел болашағына тікелей әсер ететін құжат төңірегінде ой бөлісті, деп хабарлады Elordainfo.kz Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиынды орталық директоры Серік Қарабатыров ашып, Конституция мемлекеттің құқықтық негізі ғана емес, қоғам дамуының басты бағдары екенін атап өтті. Ол Ата Заңға енгізілетін өзгерістер әрбір азамат үшін маңызды екенін айтып, жиынның мән-маңызына тоқталды.
Перспективті даму және әлеуметтік жобалар бөлімінің қызметкері, білікті маман Дәрия Әлиқызы ұжым мүшелеріне Конституцияның жаңа жобасындағы негізгі өзгерістерді жан-жақты түсіндірді.
«Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия жаңа Ата Заңының жобасын жариялады. Жаңа мәтіннің басты идеясы ретінде білім мен ғылым, мәдениет пен инновация алдыңғы орынға шығарылды. Сонымен қатар Конституцияның логикасы мен философиясы түбегейлі жаңартылған» – деп атап өтті Д. Әлиқызы.
Іс-шара ашық әрі екіжақты диалог форматында өтіп, қатысушылар өздерін қызықтырған сауалдарға толыққанды жауап алды.