Елордалық құтқарушылар қаза болған әріптестерін құрметпен еске алды

Елордалық құтқарушылар қаза болған әріптестерін құрметпен еске алды
Фото: ТЖД

Бүгін елордалық құтқарушылар дәстүр бойынша қызметтік борышын атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан әріптестерін еске алды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Осыдан 16 жыл бұрын елордалық гарнизонда орны толмас қайғы орын алған еді – үш бірдей қызметкер өрттен оралмады. Сол күні Валерий Зайцев, Саят Абеев және Руслан Кәкішев өрт сөндіру кезінде ерлікпен қаза тапты. Олар өз өмірін қатерге тігіп, жеке құрамды қорғап қалды. Соңғы сәтке дейін табандылық танытып, тілсіз жаумен күресті.

Гарнизон басшылығы, қаза тапқан батырлардың туыстары, жеке құрам, ардагерлер және еске алу шарасына жиналған қауым «Құтқарушылар» саябағында ерлікпен қаза тапқан азаматтарды тағзыммен еске алды. Мемориалға гүл шоқтары қойылып, батырлар бір минут үнсіздікпен еске алынды.

Олардың мейірімді де жарқын бейнелері әріптестерінің жүрегінде мәңгі сақталады. Батырлардың ерлігі ешқашан ұмытылмайды.