Елордалық өрт сөндірушілерге биік ғимаратқа жылдам көтерілуге мүмкіндік беретін автосатылар табыс етілді
Түркияда құрастырылған жаңа автосатылардың техникалық сипаттамасы жағынан елімізде баламасы жоқ, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы ТЖД-ға сілтеме жасап.
Астанада №7 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде қаладағы өрт сөндіру қызметінің бөлімшелеріне жаңа АЛ-55 және АЛ-60 автосатыларын табыстау рәсімі өтті. Техникалардың кілтін Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов табыс етті.

Техниканы пайдалануға берер алдында елордада түркиялық мамандары жеке құрамды оқытты. Практикалық сабақ арқасында бөлімшелер биік нысандарда жұмыс істеу кезінде жаңа техниканы тиімді қолдана алады.
«Биік ғимараттар қарқынды салынып жатқан мегаполис үшін мұндай техниканың маңызы зор. Автосатылар шамамен 10 секунд ішінде он қабатты ғимарат деңгейіне көтерілуге мүмкіндік береді, адамдарды жедел эвакуациялауды және өрт сөндіру құралдарын жеткізуді қамтамасыз етеді. Ол төтенше жағдайларға ден қою тиімділігін және тұрғындардың өрт қауіпсіздігі деңгейін арттырады», делінген хабарламада.


Еске сала кетсек, таяуда астаналық өрт сөндірушілер он екі қабатты тұрғын үйдің жетінші қабатындағы өртті сөндірді.