Елордалық оқушылар құқықтық сауаттылығын арттырды

Елордалық оқушылар құқықтық сауаттылығын арттырды
Фото: Elordainfo.kz

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында бүгін Астанадағы 119 мектепте жоғары сынып оқушыларына арналған «Заң және шабыт: тағдырды айқындайтын таңдау» тақырыбында профилактикалық кездесу өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Бұл іс-шараны Білім басқармасының қолдауымен елордадағы Психологиялық қолдау орталығы мен «Байқоңыр» ауданының прокуратурасы бірлесіп ұйымдастырды.

«Кездесудің мақсаты – әрбір оқушының іс-әрекеті болашақта өз тағдырына әсер ететінін көрсету, заңды түсіндіру. Қазіргі таңда көптеген жасөспірім білместіктен қылмыстық  құқықбұзушылық жасайды. Олардың ішінде алаяқтық, есірткіге қатысты әрекеттер бар. Заң бойынша қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталады. Қылмыстық кодексте аса ауыр қылмыс жасағаны үшін (оның ішінде адам өлтіру бойынша) 14 жастан бастап жауапкершілікке тартылады. Мәселен, ұрлық жасағаны үшін 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру болмаса шектеу жазасы, алаяқтық бойынша 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе шектеу жазасы көзделген. Өздеріңіз ойлап көріңіздер, бір қылмыс жасағаны үшін 5 жылдан 8 жылға дейін мемлекеттік мекемеде, яғни отбасынан бөлек орында отыру – оңай емес. Сол үшін әр әрекеттерді жасамас бұрын алдымен 10 рет ойланған жөн. Бастысы күмәнді әрекеттен аулақ болыңыздар. Ал біз өз тарапымыздан қылмыс жасамауға, заңға бағынуға шақырамыз», - деді Астана қаласы «Байқоңыр» ауданы прокуратурасы Қылмыстық қудалау бөлімінің басшысы Мұхтар Өсерхан.

Статистикаға көз жүгіртсек, 2025 жылы «Байқоңыр» ауданында кәмелетке толмағандар арасында 36 қылмыстық іс қозғалған. Олардың ішінде 11-і - ұрлық, 14 іс - алаяқтық, ал қалғаны - ұсақ қылмыстар.

«Бүгінгі іс-шара жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыруды, ерте кәсіптік бағдар беру, мамандық таңдау,  өз болашағына қатысты өмірлік маңызды шешімдерді қабылдауда жауапты әрі саналы көзқарас қалыптастыруды мақсат тұтты. Әсіресе ерекше назар жеке мотивацияға және өз болашағы үшін жауапкершілікке аударылды. Кездесу барысында астаналық оқушыларға «Әнші» фильмі көрсетілді. Оның идеясы – позитивті бағдар қалыптастыруға, өзін-өзі көрсетуге, өмірлік жолды саналы түрде дұрыс таңдауға бағытталған», - деді Астана қаласы Білім басқармасының қосымша білім беру және тәрбие бөлімінің басшысы Сұлтан Иманжан.

Сондай-ақ кездесуде сөз сөйлеген спикерлер оқушыларға заңсыз жолмен ақша табудың салдарын түсіндіріп, мотивациялық ақыл-кеңес берді.

«Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтар бойынша мектеп инспекторлары апта сайын оқушыларға дәріс оқып, профилактикалық жұмыстар жүргізеді. Оның мақсаты – қылмыстың алдын алу. Егер ата-ана баласына қатысты  қандай да бір құқықбұзушылықтың болып жатқаны туралы мектеп психологтарына айтса, инспекторлар да соған қатысты іс-шараға міндетті түрде қатысады. Мұндағы басты мақсат – құқықбұзушылықтың алдын алу, профилактикалық жұмыс жүргізу. Мамандар қандай да бір мәселе туындаса, соның шешу жолдарын іздестіреді», - деді Астана қаласы Полиция департаментінің «Байқоңыр» ауданы полиция басқармасы ювеналдық полиция бөлімінің кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Әсел Қабылбаева.