Елордадағы мектепте ерекше маңызы бар «Кино апталығы» әлеуметтік жобасы басталды
Бүгін елордада аутизм мәселесіне қоғам назарын аудару, ерекше білім беруге деген қажеттіліктері бар балаларды қолдау және инклюзивті мәдениетті қалыптастыру мақсатында арнайы іс-шаралар легі өтіп жатыр. Солардың бірі – Ы.Алтынсарин атындағы №83 мектеп-гимназиясында ұйымдастырылған «Кино апталығы» әлеуметтік жобасы, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Аталған іс-шараға педагогикалық ұжым мен білім алушылар ұйымшылдықпен атсалысты.
«Кино апталығының» мақсаты - аутизм спектрі бар адамдардың ерекшелігін түсіндіру. Оларды түсініп, қабылдау үшін тек фильм көрсетумен шектелмей, арнайы жаттығулар да ұйымдастырылды. Мысалы, шу кезінде бір-бірін есту қиын болатын тапсырмалар - бұл аутизм спектрі бар балалардың сезімін түсінуге көмектеседі. Сонымен қатар, ұсақ моториканы қажет ететін тапсырмалар болады. Мысалы, түйме тағу, жазу кейбір балалар үшін қиындық тудыратыны белгілі. Сондай-ақ, оқушылар көзді жұмып заттарды сипап тану, кеңістікті бағдарлау бойынша да ойынға қатысты.

«Іс-шараға қатысқан барлық бала мен ересектерге арнайы билет таратылады. Сол билеттер арқылы олар киноға кіреді. Апта бойы сыныптардың сабақ кестесіне сәйкес 6 көрсетілім ұйымдастырылмақ. Онда америкалық аутизмі бар әйел Тэмпл Грандин туралы әйгілі биографиялық фильм көрсетіледі. Айта кетейік, осы ерекшелігіне қарамастан зоотехник-ғалым, профессор, атанған тұлға мал шаруашылығында революция жасап, ет өңдеу зауыттарында жануарларды қалай тыныштандыруды ойлап тапқан», - деді Ы.Алтынсарин атындағы №83 мектеп-гимназиясының инклюзивті оқыту менеджері Гүлжаһан Жахина.

Оның айтуынша, мектептің инклюзивтік оқыту бағытында үлкен тәжірибесі бар. Оқу ордасы 10 жылдан бері ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеп келеді.
«Мектепте қазіргі таңда 4 500 оқушы білім алып жатыр. Оның ішінде 148 оқушы - ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар. Ал 145 бала аутизм спектріне жатады. Олар барлық сыныптарда, барлық буындарда - бастауыш, орта және жоғары сыныптарда білім алады. Оқушылар жеке білім беру бағдарламалары бойынша оқиды. Оларға арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетіледі. Мектепте дамытушы орта қалыптасқан. Екі арнайы кабинет, сондай-ақ инклюзивті білім беруді қолдау кабинеті жұмыс істейді. Логопед, дефектолог, психолог мамандары және педагог-ассистенттер бар», - деген ол көптеген ерекше мектеп түлектері колледждер мен жоғары оқу орындарына түсіп жатқанын айтты.

Сондай-ақ Астана қаласы Білім басқармасының бас маманы Гүлшат Исинова инклюзивті білім берудің маңыздылығына тоқталды.
«Бұл күн қоғам үшін өте маңызды, себебі аутизм деген не екенін, аутизм спектрі бұзылысы бар адамдармен қалай қарым-қатынас жасау қажеттігін көбірек ұғына аламыз. Өкінішке қарай мұндай балалардың саны артып келеді. Қазіргі таңда елордада 18 жасқа дейінгі 4 500 бала аутизммен тіркелген.
Біздің мақсатымыз - инклюзивті білім беру. Яғни, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды жалпы білім беретін мектептің қалыпты ортасында оқыту. Біз оларды бөліп-жармаймыз, керісінше ортаға бейімдеуге тырысамыз. Мұндағы басты назар – осындай балалардың әлеуметтенуіне аударылады. Яғни, оларды басқа адамдармен қарым-қатынас жасауға үйрету және қарапайым тұрмыстық дағдыларын қалыптастыруға басымдық беріледі», - дейді Астана қаласы Білім басқармасының бас маманы Гүлшат Исинова.

