Елордада зейнеткерлер қарттар үйінде концерт ұйымдастырды
Есіл ауданына қарасты Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының өнерпаз ата-әжелері «Шарапат» орталығында қайырымдылық концертін ұйымдастырды. «Жүрек жылуы» атты іс-шара орталық қарияларына ерекше серпіліс сыйлап, олардың көңіл-күйін көтерді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Концерт бағдарламасы «Асыл мұра» домбырашылар ансамблінің орындауындағы Құрманғазының «Адай» күйімен ашылды. Сонымен қатар, халық күйлері «Келіншек», халық термелері мен «Қазақтың дастарханы» әні орындалды.
Өнер кешінде Зияш Аманғалиева, әжелер триосы және «Жаңа толқын» би клубы өз өнерлерін көрсетті. «Бәйтерек» ансамблінің орындауындағы «Айналдым елім» әні патриоттық рухты асқақтатса, «Арқа әуендері» халықтық ансамблі «Поляк әнін» орындап, кеш көркін аша түсті. Ал «Сағыныш сазы» ансамблі «Беу, айдай» халық әнімен көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Сонымен қатар, орталық психологы Жұлдызай Өмірбек «Көтеріңкі көңіл күй сыйлайық» тақырыбында тренинг өткізіп, қатысушылар жағымды әсерде қалды.
Кеш соңында «Шырқа, гитара» клубы «Күнге табыну» шығармасын орындап, концерттің шырайын кіргізді. Жалпы, әрбір нөмір көрермендерге мейірім мен көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Шара соңында «Шарапат» орталығының қариялары мен қызметкерлері өнер ұжымдарына алғыс білдірді.
Еске салайық, бұдан бұрын Астанда арт-терапия үйірмелерінде 500-ге жуық зейнеткер дәріс алатыны туралы жаздық.