Елордада Жаңа Конституциядағы волонтерлік қызметтің рөлі талқыланды
Астанада «Ұлттық волонтерлік желі» заңды тұлғалар бірлестігі жаңа Конституция жобасын талқылау және қолдау тақырыбында дөңгелек үстел өткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Дөңгелек үстелге желі мүшелері, серіктестер, өңірлік волонтерлік фронт-офистер және бастамашыл топтар қатысты.
«Қазір бүкіл ел Жаңа Конституцияның жобасын талқылап жатыр. Өйткені жаңартылған жобаны қабылдаудың үлкен жауапкершілігі бар. Бүгін, міне, волонтерлерлік сала мүшелері де осы тақырыпқа бейжай қарамай, ондағы нормалардың ерекшелегін дөңгелек үстел басында ортаға салдық.
Волонтерлік бағыт бойынша айтар болсам, Конституцияның 31-баптың 2-тармағына өзгеріс енгізгелі жатыр. Яғни, бұл тұста қайырымдылықпен бірге волонтерлік қызметті қатар енгізуге ұсыныс беріліп отыр. 2020 жылдан бастап алып қарайтын болсақ, елімізде волонтерлік бағыт кеңінен дамып келеді. Ал биыл Мемлекет басшысының бірден-бір ұсынысымен Халықаралық волонтерлер жылы болып жарияланып отыр. Бұған бүкіл әлем қолдау білдіріп жатыр. Еліміз волонтерлік қызметті әлем деңгейінде үлгі көрсете алатындай болғандықтан, мемлекетіміздің ең үлкен заңнамасына да осы бағыттың енгені - біз үшін зор жауапкершілік», - деді «Ұлттық волонтерлер» фронт-офисінің жетекшісі Айбек Досымбетов.
Іс-шарада Мәжіліс депутаты, «Ұлттық волонтерлік желі» ЗТБ жетекшісі Вера Ким, Конституциялық реформа комиссиясының мүшесі, «Ассамблея жастары» ұйымының төрағасы Тимур Жұмырбаевтар жобадағы нормалар туралы жан-жақты түсіндірді. Сондай-ақ өзге де спикерлер жаңа жобаның ерекшеліктеріне тоқталды.
«Конституция жобасымен танысқан болсаңыздар, бастапқы жолдардың өзі бұрынғымен салыстырғанда ерекшеленіп тұр. «Біртұтас Қазақстан халқы» деп өте мағыналы басталады. Алдыңғы жолдардың осылайша басталуы жастарға еліміздің біртұтастығын сақтау ең маңызды орныда екенін идеология жағынан ашып көрсетіп тұрғаны қуантады. Ал медициналық қоғамдық бірлестігінің төрағасы ретінде айтарым, аталған жобада адам өмірі мен денсаулығын мемлекеттік саясаттың өзегі деп аталады. Әсіресе, біз үшін жобадағы 30,32 баптар маңызды. 30-бапта неке мен отбасы, ана мен әке, баланың мемлекеттің қорғауында екені нақты белгіленіп отыр. Денсаулық сақтау жүйесі үшін бұл - үлкен нәтиже. Себебі бұл - отбасы институын нығайту арқылы қоғамдық денсаулықты сақтау тетіктерін күшейту деген сөз. Яғни ана мен бала денсаулығын қорғау, периниталдық көмек, балалар ауруларының алдын алу, медицина саласының стратегиялық бағыттары Конституция деңгейінде бекітілуі оларды іске асыруға берік негіз екені белгілі», - деді «Қазақстан медицина жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абылайхан Әбдіраш.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар сұрақтар қойып, ұсыныстарын білдіріп, азаматтық қоғамның жаңа конституцияны іске асыруға қатысуы жөніндегі өз көзқарастарын ашық микрофон форматында бөлісті.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы жарияланғаны туралы жаздық.