Елордада республикалық олимпиада жеңімпаздары марапатталды

Бүгін, 17:15
Думан Аманжол Думан Аманжол
Елордада республикалық олимпиада жеңімпаздары марапатталды
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Елордада 9–11 (12) сынып оқушылары арасында физика және биология пәндері бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңі аяқталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.

Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі «Таным» көпбейінді кешенінде өтті.

Салтанатты жиынға Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова қатысып, бірінші орын иегерлеріне алтын медаль табыстады. Астанада өткен финалдық кезеңге еліміздің барлық өңірінен 300-ден астам оқушы жиналды.

Министр өз сөзінде физика мен биология пәндерінің маңызын атап өтіп, биылғы олимпиаданың ерекше кезеңде өтіп отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, бұл дода елімізде жаңа Конституция қабылданып, ел дамуының жаңа кезеңіне аяқ басқан тұста және Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келіп, жастар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білімді әрі прогрессивті жастарға зор сенім артатынын атап өтті. Халықаралық жүлдегерлер мен олардың ұстаздарына мемлекет тарапынан біржолғы қаржылай сыйақы қарастырылған.

Республикалық олимпиаданың басты мақсаты – дарынды оқушыларды анықтау, олардың ғылыми әлеуетін дамыту және халықаралық зияткерлік жарыстарға қатысатын ұлттық құраманы іріктеу.

Биыл жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиаданың қорытынды кезеңіне еліміздің түкпір-түкпірінен 360 мыңнан астам оқушы қатысты. Соның ішінде 1 636 оқушы республикалық кезеңге жолдама алды. Жаратылыстану-математика бағыты бойынша 930, ал қоғамдық-гуманитарлық бағытта 706 оқушы бақ сынады. Сонымен қатар ауыл мектептері арасында өткен олимпиадада 73 жеңімпаз анықталды.

Қатысушылардың шамамен 45 пайызы Оқу-ағарту министрлігінің I, II және III дәрежелі дипломдарымен, сондай-ақ алтын, күміс және қола медальдармен марапатталды.