Қазақстанда теңдессіз саналатын халықаралық деңгейдегі елорданың Паралимпиадалық жаттығу орталығында 5 спорт түрінен бірнеше айға жалғасқан арнайы чемпионат өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Астанадағы паралимпиадалық жаттығу орталығында 8 ай бойы тұрақты түрде кезең-кезеңімен өткізілген кубок бәсекесінде 100-ден астам қатысушы бадминтон, текбол, бочча, теннис, үстел ойындарынан мықтыны анықтады.

«Бұл жобамыз 2025 жылы алғаш рет қолға алынды. Неге 5 спорт түрін қамтыдық? Себебі дәл осы спорттарда балдық жүйе бар. Ұпай көрсеткіштері арқылы жеңімпазды анықтауға болады. Әйтпесе қазіргі уақытта осы жерде спорттың 23 түрі бойынша жаттығулар өткізіледі. Келесі жылы жобамызда спорттың түрін арттыру ойымызда бар. Сегіз айға жалғасқан бәсекенің қандай пайдасын көре алдық? Әр ай сайын тұрақты түрде өткізілген жарыстың арқасында бірқатар жан жаңа спорт түрінде бақ сынауға мүмкіндік алып, ай сайын өз біліктіліктерін арттырды. Мысалы, Аслан атты азаматымыз боччаны осы жерден үйреніп қана қоймай, жарыстарда қазылық ететін білікті төрешіге айналды. Осындай мысалдар жеткілікті», - деді Паралимпиадалық жаттығу орталығының атқарушы директоры Абдусаид Назаров.
Қатысушылар 27 қараша күні бадминтон мен текболдан жеңімпаздарды анықтаса, 28 қараша күні бочча, теннис, үстел ойындарынан сайыстар өтті.

«Мен орталыққа 2023 жылдан бері келіп жүрмін. Жасым 76-да. Оқушы және студент кезде де дене шынықтырумен айналыспаған едім. Міне, енді осы жерге келген кезде ғана денсаулығыма көңіл бөле бастадым. Өкінішке қарай, жүрегіме ота жасалғандықтан, дәрігерлер тек бочча, бадминтон, үстел теннисі, тоғызқұмалақпен ғана айналысуға рұқсат берді. Осында аптасына тұрақты түрде 5 рет келемін. Жылы әрі жарық жерде жарыс түрлеріне қатысуға ықпал жасаған ұйымдастырушыларға алғысым шексіз», - деп атап өтті орталыққа келуші Клара Құбаева.
Параспорт және ұлттық спорт түрлері бойынша чемпионат қатысушылардың жаңа қырынан көрінуіне де ықпал жасады.

«Түркістан облысынан Астанаға келгелі 4-5 жылдың жүзі болыпты. Бастапқыда карате, футбол, бадминтонға басымдық беріп едім. Жаттығу орталығында боччаны алғаш көрген сәттен ұнап қалды. Ақырындап үйреніп, биыл боччадан бағымды сынауға ұйғардым. Уақыт өткен сайын, әртүрлі спортты үйрену үстіндемін. Чемпионатқа тек қатысып қана қоймай, жаңа мақсат, жоспар құруға өз ықпалын тигізді», - деді Бағдаулет Жұмаханбет атты қатысушы.
Жарыс қорытындысы бойынша жүлдегерлер арнайы кубок, сертификаттар мен естелік сыйлықтармен марапатталды.