Елордада отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы шаралар күшейтілді
Астана аумағында «Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Полиция отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың, отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу және азаматтардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмысты күшейтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Іс-шара барысында құқық бұзушылық фактілерін анықтау, есепте тұрған тұлғаларды тексеру, полицияның ерекше бақылауындағы отбасыларға бару, қорғау нұсқамасы шығарылған азаматтармен, сондай-ақ алкогольді ішімдіктерді шамадан тыс тұтынатын және есірткі қолдану фактілері бойынша есепте тұрған тұлғалармен жұмыс жүргізілуде. Профилактикалық жұмыс күшейтіліп, рейдтер, аулалық және пәтерлік аралаулар, тұрғындармен түсіндіру әңгімелері өткізілуде.
Учаскелік полиция инспекторлары, ювеналдық полиция инспекторлары және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес жөніндегі бөлімшелер қызметкерлерінің қатысуымен мобильді топтар құрылды.
«Полицейлер жәбірленушілерге арналған анонимді көмек қызметтерінің байланыс нөмірлері, психологтан кеңес алу мүмкіндіктері туралы ақпаратты белсенді түрде таратуда, ақпараттық парақшалар үлестірілуде. Сонымен қатар көппәтерлі үйлердің ортақ чаттары арқылы профилактикалық хабарламалар жіберілуде – екі күннің ішінде шамамен 3 мың хабарлама жолданды. Тұрғылықты мекенжайлар бойынша 700 аралау жүргізілді.
Сондай-ақ азаматтардың құқықтарын, жеке шекаралары мен қауіпсіздігін бұзуға жол бермеу, оның ішінде сталкинг жағдайларының алдын алу бойынша профилактикалық және түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. 2026 жылдың басынан бері елордада сталкингтің 8 фактісі тіркелді. Әрбір өтініш бойынша тиісті процессуалдық шаралар қабылданды.
Осындай фактілердің бірі жуырда тіркелді. Қарым-қатынасты тоқтатқаннан кейін 40 жастағы ер адам бұрынғы сүйіктісін заңсыз қудалауды жалғастырған: мессенджерлер арқылы хабарламалар жазып, күш қолданамын деп қорқытқан, жеке фотосуреттерін таратамын деп бопсалаған. Қарым-қатынас кезінде ол бірнеше рет күш қолданған және қоқан-лоққы көрсеткен. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды», - делінген Астана қаласы Полиция департаментінің хабарламасында.
Полиция ескертеді: егер сіз зорлық-зомбылықтың куәгері болсаңыз немесе өзіңіз қысымға, қорқытуға, қатыгездікке не өзге де құқық бұзушылықтарға ұшырасаңыз, дереу 102 нөміріне, 71-60-63 – Астана қаласы ПД Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөліміне немесе 111 – Балалар мен отбасыларға көмек көрсетудің бірыңғай байланыс орталығына хабарласуыңыз қажет.
Бұған дейін Астанада тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған іс-шара өтіп жатқанын жаздық.