17-18 қазан күндері Астанада «Creative Aimaq» республикалық жобасы аясында Қарағанды облысының креативті индустрия өкілдерінің жәрмеңкесі өтеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігіне сілтеме жасап.
Qazaq Creative Hub алаңында ұйымдастырылатын екі күндік іс-шарада өңірдің мәдени мұрасы, дәстүрлі қолөнері, заманауи сәні, әдебиеті мен музыка өнері кеңінен таныстырылады.
Жәрмеңкеде суретші Кәріпбек Күйіковтің кітаптары, дизайнер Гүлнұр Жарылханованың сән топтамалары мен қарағандылық қолөнершілердің авторлық туындылары көпшілік назарына ұсынылады.
Іс-шара аясында «Алтын жіп» сән көрсетілімі ұйымдастырылып, Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің өнерпаздары өнер көрсетеді. Сондай-ақ джаз концерттері мен шығармашылық шеберлік сабақтары өткізіледі.
Аталған жәрмеңке Астананың мәдени өмірін жаңа мазмұнмен толықтырып, елорданың өңірлік шығармашылық бастамаларды біріктіретін орталық ретіндегі рөлін нығайтуға ықпал етеді. Қала тұрғындары мен қонақтары еліміздің түрлі өңірлерінде қалыптасқан өнер дәстүрлерімен танысып, отандық дизайнерлер мен қолөнершілердің туындыларын тамашалауға мүмкіндік алады.
Сонымен қатар жоба елорданың креативті экономикасын дамытуға, өңірлік кәсіпкерлердің Астана нарығына шығуына және шығармашылық қауымдастықтар арасындағы іскерлік байланысты кеңейтуге бағытталған. Мұндай алаңдар отандық брендтердің танымалдығын арттыруға, жергілікті шығармашылық кәсіпкерлер мен өңірлік өндірушілердің ынтымақтастығын дамытуға мүмкіндік береді.
«Creative Aimaq» республикалық жобасын Креативті индустрияларды дамыту қоры жүзеге асырады. Бастама еліміздің өңірлеріндегі шығармашылық әлеуетті танытуға, креаторлардың кәсіби дамуына қолдау көрсетуге және креативті кәсіпкерліктің дамуына жағдай жасауға бағытталған.