Астанада тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған іс-шара өтіп жатыр
Астана аумағында құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мақсатында «Қауіпсіз аула» атты бірлескен жедел-профилактикалық іс-шара өткізілуде, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Аталған іс-шара аясында «Байқоңыр» ауданының пробация қызметінің қызметкерлері «Байқоңыр» ауданы полиция басқармасының қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп, пробация есебінде тұрған сотталғандардың тұрғылықты мекенжайлары бойынша мақсатты профилактикалық рейд жүргізуде.
Рейдтің негізгі мақсаты – сотталғандардың жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қатаң сақтауын бақылау, пробациялық бақылау талаптарының орындалуын тексеру, сондай-ақ қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алу. Сонымен қатар рейд барысында әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтарға әкеп соғуы мүмкін жағдайларды ерте анықтауға ерекше назар аударылды.
Тексеру барысында есепте тұрған азаматтардың тұрмыстық жағдайы зерделеніп, олардың белгіленген шектеулерді сақтауы, қоғамдық орындардағы тәртіпті бұзбауы, спирттік ішімдіктерді теріс пайдаланбауы және құқыққа қарсы әрекеттерге бармауы жөнінде қатаң ескертілді.
«Сотталғандарға қолданыстағы заңнама талаптары жан-жақты түсіндіріліп, пробация талаптарын бұзған жағдайда қолданылатын жауапкершілік шаралары нақты жеткізілді. Профилактикалық әңгімелер барысында қоғамдық тәртіпті сақтау, заң талаптарын бұлжытпай орындау және қоғамға бейімделу қажеттілігі баса айтылды.
Қызметкерлер тарапынан сотталғандарға заңға қайшы кез келген әрекет бақылаусыз қалмайтыны және уәкілетті органдардың тұрақты қадағалауында болатыны қатаң түрде ескертілді», - делінген хабарламада.
Мұндай жедел-профилактикалық іс-шаралар құқық бұзушылықтардың алдын алуға, қылмыстың қайталануына жол бермеуге және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Құқық қорғау органдары қоғамдық тәртіпті сақтау және елорданың қауіпсіздігін арттыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырады.
Еске салайық, қаңтар айында елімізде 325 келі есірткі тәркіленген.