Елордада көркем гимнастикадан ALEM CUP халықаралық турнирінде 1 200 спортшы бас қосты
Бүгін Qazaqstan жеңіл атлетика кешенінде көркем гимнастикадан алғаш рет ALEM CUP халықаралық турнирлерінің ауқымды сериясы басталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Жарыстың алғашқы күні «ASTANA CUP» және «ALEM BABY CUP» бәсекесімен ашылды. Бұл жерде 4 жастан бастап 15 жасқа дейінгі спортшылар жас ерекшеліктері бойынша жеке және топтық сайыстарда жүлдені сарапқа салады. Аталмыш турнирде Қазақстанның өңірлерінен бөлек, Ресей, Армения елдері қатысып жатыр.
«Көркем гимнастикадан Қазақстанның әлемдік деңгейде өзіндік орны бар. Олимпиада ойындарына тұрақты қатысады. Жазғы Азия ойындарынан жүлделі оралады. 2025 жылы тұңғыш рет жасөспірімдер арасында әлем чемпионы шықты. Осы жетістіктер шет елдердің де қызығушылығын арттырды. Қатысушылардың арасында елімізде танымал Ақмарал Ерекешева мен Словениядан Париж Олимпиадасында 6-орынға тұрақтаған Екатерина Веденеева шәкірттерін әкелді. Италия да Париж Олимпиадасында қола жүлдені еншілегенін ұмытпайық. Мұхиттың арғы жағынан Канада да қатысуға ниет білдірді. Сондай-ақ Сириядан бір спортшы бар. Осыған қарап-ақ бәсекелестіктің қаншалықты жоғары екендігін аңғара беріңіз», - деді Alem халықаралық көркем гимнастика мектебінің басшысы Әсем Ахметжанова.

Доданың тағы бір ерекшілігі - көркем гимнасшыларды әділ бағалау мақсатында Қырғызстан, Өзбекстан және Әзербайжаннан төрешілер шақырылды.
Айта кетейік, төрт күнге жалғасатын турнирлер сериясы мына тәртіппен өтеді:
1. «FIG ALEM CUP» – 8, 9, 10 наурыз.
Жарысқа Қазақстан, Италия, Кипр, Сирия, Канада және Қырғызстан елдерінен 60-тан астам лицензияланған гимнаст қатысады.
«FIG ALEM CUP» – Халықаралық гимнастика федерациясының (FIG) ресми лицензиясы бар спортшылар бақ сынайтын халықаралық деңгейдегі турнир.

2. «ALEM CUP» республикалық турнирі – 9 және 10 наурызда өтеді.
Бұл жарысқа Қазақстан Республикасының 200-ден астам гимнасты, спорт шеберлері бағдарлама бойынша қатысады.

3. «ASTANA CUP» және «ALEM BABY CUP» халықаралық турнирлері – 7 және 8 наурыз.
Аталған жарыстарға Израиль, Ресей, Канада, Португалия, Армения және Қазақстаннан шамамен 800 гимнаст қатысады. Турнирлер барлық жас санатын қамтиды – ең жас қатысушылардан бастап жоғары разрядтағы спортшыларға дейін, оның ішінде алғашқы жарысына қатысатын гимнастар да бар.
