Референдум-2026

Елордада экоалаңдар, ашық аспан астындағы кинотеатр және шығармашылық шеберлік сабақтары ұйымдастырылды

Бүгін, 17:45
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Елордада экоалаңдар, ашық аспан астындағы кинотеатр және шығармашылық шеберлік сабақтары ұйымдастырылды
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астана күніне орай елорданың Орталық саябағы отбасылық демалысқа, шығармашылыққа және жаңа әсерлерге арналған үлкен мерекелік кеңістікке айналды. Мұнда 5-6 шілде аралығында ауқымды мерекелік бағдарлама ұйымдастырылып жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігіне сілтеме жасап. 

Қала тұрғындары мен қонақтарына театрландырылған қойылымдар, спорттық белсенділіктер, шеберлік сабақтары, экологиялық алаңдар, ашық аспан астындағы кинотеатр және арқанмен жүрушілердің әсерлі өнер көрсетілімдері ұсынылды.

«Екі күн бойы Орталық саябақта алты тақырыптық алаң жұмыс істейді. Күндізгі бағдарлама балаларға арналған: спектакльдер, қуыршақ театрының қойылымдары, цирк нөмірлері, сабын көпіршіктері шоуы, шығармашылық шеберлік сабақтары мен түрлі ойындар өтеді. Ал кешкі сағат 18:00-ден кейін қонақтарды әлеуметтік билер, жанды музыка және концерттік бағдарлама күтеді», – деді «Астана қаласы әкімдігінің Мәдени іс-шараларды өткізу дирекциясы» талдау бөлімінің басшысы Әлия Бұрханова.


Бағдарлама аясында әртүрлі демалыс алаңдары ұйымдастырылған. Келушілер мемлекеттік тілде мультфильмдер көрсетілетін ашық аспан астындағы кинотеатрға, спорттық аймақтарға, лабиринтке, интерактивті ойындар мен экологиялық зертханаға бара алады. Сондай-ақ саябақта гамактар, жұмсақ орындықтар, жастықтар және шөп бумаларынан жасалған жайлы демалыс орындары жабдықталған.

Мерекенің ерекше алаңдарының бірі – Эко-Хаб ұйымдастырған экологиялық аймақ. Мұнда балалар мен ересектер қалдықтарды бөлек жинау мәдениетімен танысып қана қоймай, пластик қақпақтардың жаңа пайдалы бұйымдарға қалай айналатынын өз көздерімен көре алады.

Фестиваль қонақтары пластикті қайта өңдеудің барлық кезеңіне қатыса алады: велошредердің көмегімен қақпақтарды ұсақтап, материалдың балқытылу процесін бақылап, дайын өнімнің жасалуын көреді. Эко-Хабта қайта өңделген пластиктен орындықтар, үстел беттері, сәндік бұйымдар, телефон тұғырлары, салпыншақтар және басқа да өнімдер дайындалады. Бұл қайталама шикізатқа екінші өмір сыйлауға болатынын көрсетеді.

Мерекелік бағдарламаның тағы бір ерекшелігі – на енген арқанмен жүруші спортшылардың өнер көрсетуі болды. Олар он метр биіктікте күрделі трюктер орындап, жүздеген көрерменнің қызығушылығын тудырды.

Орталық саябақтағы мерекелік іс-шараларға күн сайын 20 мыңнан астам қала тұрғыны мен елорда қонағы қатысып жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Астана күніне орай «Таза сана – таза қала» экологиялық викторинасы өткені туралы жаздық.