Астана күніне орай «Таза сана – таза қала» экологиялық викторинасы өтті
Астана күні және республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында елордада қала әкімдігінің қолдауымен «Астана Тазалық» ЖШС ұйымдастырған «Таза сана – таза қала» экологиялық викторинасы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Мерекелік күннің мазмұнды шарасына айналған акция экологиялық мәдениетті қалыптастырудың және коммуналдық қызметкерлердің еңбегін құрметтеудің маңызын айқындай түсті.

Елорданың орталық алаңдарының бірінде арнайы интерактивті аймақ ұйымдастырылып, тұрғындар мен қала қонақтары Астананың тарихы, экология, абаттандыру және тазалық қағидалары, сондай-ақ коммуналдық қызметтердің жұмысы туралы білімдерін сынады. Дұрыс жауап берген қатысушыларға экологиялық тақырыптағы естелік сыйлықтар табысталды.
Акцияға барлығы мыңнан астам адам қатысты. Іс-шара барысында «Таза сана – таза қала» ұранымен безендірілген фирмалық футболкалар, кепкалар мен шопперлерді қоса алғанда 600-ден астам экосыйлық таратылды.

Ұйымдастырушылар кітап оқу мәдениетін дамытуға да ерекше көңіл бөлді. Қазақстан Республикасының Президенті көтерген оқырман ұлт қалыптастыру бастамасын қолдау мақсатында қатысушыларға 100-ден астам кітап сыйға берілді. Олардың қатарында Абай Құнанбайұлы, Мұхтар Әуезов, Бердібек Соқпақбаев, Дулат Исабеков және өзге де қазақ әдебиетінің көрнекті қаламгерлерінің шығармалары болды.
«Мұндай іс-шаралар өте маңызды деп есептеймін. Біз күн сайын таза көшелермен жүреміз, бірақ оның артында қаншама еңбек жатқанын көп жағдайда ойлай бермейміз.
Бүгін баламмен бірге викторинаға қатысып, коммуналдық қызметкерлердің жұмысына жаңаша көзқараспен қарадым. Бұл – балаларды өзгенің еңбегін құрметтеуге әрі қоршаған ортаға ұқыпты қарауға тәрбиелеудің тамаша жолы», – деді акцияға қатысушы Жазира Болатова.
Іс-шараның мақсаты – қала тазалығын күн сайын қамтамасыз етіп жүрген мамандардың еңбегінің қадірін жұртшылыққа жеткізу және интерактивті формат арқылы экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
«Біздің мақсатымыз – жай ғана ойын-сауық ұйымдастыру емес, интерактивті формат арқылы тазалық әр адамның жеке жауапкершілігінен басталатынын еске салу.
Коммуналдық қызметкерлердің еңбегін құрметтеу, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау және қарапайым тазалық ережелерін сақтау – заманауи қаланың мәдениетін қалыптастырады. Бұл мамандық иелері көп жағдайда көзге көріне бермейді. Алайда дәл солардың күнделікті еңбегінің арқасында елорда тұрғындары таза көшелерді, саябақтар мен қоғамдық кеңістіктерді пайдаланып жүр», – деді акция ұйымдастырушысы Қымбат Бақыткелді.
Күні бойы өткен викторина мерекелік көңіл күй сыйлап, ересектер мен балалардың басын қосты. Қатысушылар естелік сыйлықтармен қатар экология, елорда тарихы және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау қағидалары туралы жаңа мәліметтер алды.