Астанада 4 қазаннан 5 қазанға ауған түні Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайына Аичи-Нагояда өткен XX жазғы Азия ойындарында бокстан алтын медаль жеңіп алған елордалық спортшы Айбек Оралбай ұшып келді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Бокстан ұлттық құраманың капитаны Айбек Оралбай, бас бапкер Нұржан Насановты Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілдері, достары мен жанкүйерлері қарсы алды.

«12 жылдан кейін Төрехан Сабырхан екеуіміз үзіліске нүкте қойып, қазақ жұртын алтын жүлдемен қуантып жатырмыз. Жауапкершілік үлкен әрі қысым жоғары болды. Осы жеңісіме бапкер, федерация, спорт басқармасы және жанкүйерлердің қолдауы үлкен әсерін тигізді. 2026 жылдың басты додасы болғандықтан, жылдың басынан бері оқу-жаттығу жиындарында арнайы дайындалдық. Басты қарсылас ретінде финалдағы Жахонгир Зокировты айтуға болады. Себебі 2025 жылдағы әлем чемпионатының финалынан кейін, оның да реванш жасауға өзіндік жоспары болды. Бірақ бапкерлерімнің түзген тактикасының арқасында жеңісті өз еншіме жаздым. Енді алдағы ірі додаларда да қазақтың көк туын желбірете беремін деп сенемін», - деді Айбек Оралбай.

Бокстан 21 қыркүйек - 2 қазан күндері аралығында 33 мемлекеттің қатысуымен Жапонияда өткен жазғы Азия ойындарында жерлестеріміз 2 алтын, 3 қола жүлде жеңіп алып, жалпы есепте 3-орынға тұрақтаған болатын.
«Айбектің жекпе-жегі Азия ойындарындағы финалдың соңғы айқасы болды. Бізге жеңіске деген жігер, қазақтың намысын, рухын жібермеу өте маңызды болды. Қарсылас солақай болғандықтан, арнайы дайындалдық. Өте қуаныштымыз. Өйткені дәл Айбек Оралбай жазғы Азия ойындарының жарқын нүктесін қоя білді. Барша қолдаған жандарға алғысымыз шексіз», - деді Айбек Оралбайдың жеке бапкері Асқар Еркебаев.

Айта кетейік, 2024 жылы Париж Олимпиадасынан кейін түпкілікті түрде аса ауыр салмаққа ауысқан Айбек Оралбай 3 жыл ішінде Азия чемпионаты, Әлем чемпионаты мен жазғы Азия ойындарында топ жарып үлгерді. Ол 21 жекпе-жек бойы жеңіліссіз келе жатыр.

Аичи-Нагоядағы Азия ойындары 1958 жылы Токиода және 1994 жылы Хиросимада өткен жарыстардан кейін Жапонияда ұйымдастырылған үшінші Азия ойындары болды.
Биыл елімізден 35 спорт түрінен 558 отандасымыз жарыс жолына шығып, нәтижесінде 84 жүлде (12 алтын, 24 күміс, 48 қола) жеңіп алды. Осылайша, жалпы командалық есепте Қазақстан ұлттық құрамасы 8-орынға тұрақтады.
Енді Азия ойындары 2030 жылы 4-19 қараша аралығында өз тарихында екінші мәрте Қатар астанасы Доха қаласында өтеді.

Естеріңізге салсақ, Сейілхан Болатбек джиу-джитсудан Азия ойындарының қола жүлдегері атанды.