Елорда әкімі Жеңіс Қасымбек астаналықтарды Жаңа жылмен құттықтады
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек елорда жұртшылығын Жаңа жылмен құттықтады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Құрметті елорда тұрғындары мен қонақтары! Сіздерді келе жатқан жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Өтіп бара жатқан жыл қала тіршілігіндегі маңызды оқиғалармен, жүйелі жұмыстармен және айтулы жетістіктермен ерекшеленді. Біз бірлесе отырып, Астананы өмір сүруге қолайлы, заманауи әрі әрбір азаматқа жайлы қалаға айналдыру жолында еңбектеніп келеміз», - деп жазды елорда әкімі Instagram парақшасында.
Астана әкімі қаланың дамуына белсенді араласып, бастамашылдық білдірген, сол сияқты елорда тағдырына жанашырлық танытқан астаналықтарға ризашылығын білдірді.
«2026 жыл – жаңа мүмкіндіктер мен жаңа мақсаттар жылы. Біз инфрақұрылымды одан әрі жетілдіріп, әлеуметтік саланы дамытуға, кәсіпкерлік пен жастардың бастамаларын қолдауға назар аударамыз. Әрбір тұрғын Астанада өзін сенімді әрі қауіпсіз сезінуі үшін жүйелі жұмысты әрі қарай да жалғастырамыз. Жаңа жыл әрбір шаңыраққа қуаныш, береке мен татулық әкелсін! Сіздерге және жақындарыңызға мықты денсаулық пен армандарыңыздың орындалуын тілеймін!» - деді Жеңіс Қасымбек.
Естеріңізге сала кетейік, Астанада Жаңа жыл түні мерекелік концерттер өтіп, екі жерде отшашу ұйымдастырылды.