Астанада жаңа жыл түні мерекелік концерттер өтіп жатыр

31 желтоқсан, 2025
Дәукен Тұрдашев Дәукен Тұрдашев
Астанада жаңа жыл түні мерекелік концерттер өтіп жатыр
Фото: Астана әкімдігі

Елордада 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түні қала тұрғындары мен қонақтары жаңа жылды бірге қарсы алу үшін орталық алаңдардағы ауқымды мерекелік іс-шараларға жиналды, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

31 желтоқсан күні сағат 21:00-ден бастап «Қазақ елі» монументі жанындағы алаңда, EXPO аумағында, сондай-ақ қала әкімдігінің ғимараты алдындағы алаңда жаңа жылдық концерттер өтіп жатыр. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін шығармашылық ұжымдар мен қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен ерекше концерттік бағдарлама дайындалған.

Мерекелік іс-шараларға отандық эстраданың танымал әншілері Сәкен Майғазиев, Қазыбек Құрайыш, Маржан Арапбаева, Серік Ибрагимов, Жұбаныш Жексенұлы, Ақбота Керімбекова, Еркеш Хасен, Зарина Омарова, сондай-ақ «Бәйтерек», «Melomen» және өзге де танымал топтар қатысып жатыр.

«Жыл сайын жаңа жылды елорданың алаңдарында қарсы алуға тырысамыз. Мұндағы мерекелік атмосфера көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлайды. Астаналықтар мен қала қонақтарына арнап осындай іс-шаралардың ұйымдастырылғаны қуантады», – деді Астана тұрғыны.

Мерекелік концерттер жиналған жұртқа жаңа жылдық көңіл күй қалыптастырып, ерекше іс-шараға айналдырды.

Айта кетейік, 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түні сағат 00:00-де Ботаникалық бақ аумағы мен «Атырау» көпіріне іргелес аумақта мерекелік жаңа жылдық отшашу болады.

Бұған дейін мерекелік бюджетті қалайша дұрыс есептеуге болатынын жазған едік.