Елімізде жыл соңына дейін қанша вокзал қайта жаңғыртылады
Қазақстанда теміржол вокзалдарын қайта жаңарту және жаңғырту жөніндегі ауқымды бағдарламаны іске асырылыпр жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, былтыр елімізде 124 нысанды кешенді жаңарту басталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Бағдарлама жолаушыларға, оның ішінде жүріп-тұруы шектеулі азаматтарға қолжетімділік пен жайлылық деңгейін арттыруға, сондай-ақ навигацияны, қауіпсіздікті және қызмет көрсету сапасын жақсартуға бағытталған.
Вокзалдардың шамамен 70 пайызы отыз жылдан астам уақыт бойы күрделі жөндеусіз пайдаланылып келген. Бүгінде 121 нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қазір 36 вокзалда қайта жаңарту аяқталды, оның ішінде 19 нысан былтыр, 17 нысан биылғы жылдың бірінші тоқсанында аяқталды. Тағы 46 вокзалдағы жұмыс аяқтау сатысында жетіп қалды.

2025 жылы Жақсы, Бурабай курорты, Макинка, Шортанды, Ұзынағаш, Шамалған, Сағыз, Мақат, Талдықорған, Ақши, Теміртау, Айса, Құсмұрын, Аманқарағай, Талап, Қазалы, Бозшакөл, Тайынша және Жаңаесіл станцияларында жұмыс аяқталды.
2026 жылдың бірінші тоқсанында Семиглавый Мар, Мырза, Сарышаған, Көктұма, Ағадыр, Қарағанды-Сұрыптау, Жаңақорған, Шиелі, Жетісу, Қарасор, Тобыл, Қалқаман, Доссор, Қызылжар, Саумалкөл, Жалтыр және Аққыстау станцияларында қайта жаңарту аяқталды.
Қалған нысандардағы жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
«Жаңғырту нәтижесінде заманауи күту залы, жаңартылған навигация және ақпараттандыру жүйесі, сондай-ақ жетілдірілген инженерлік шешімпайда болады. Бұл еліміздің теміржол инфрақұрылымын халықаралық стандарттарға сай келетін қауіпсіз әрі жайлы деңгейге көтеруге мүмкіндік береді», делінген хабарламада.
Еске сала кетсек, Астана-1 вокзалының жаңа бөлігін реконструкциялау жұмыстары қашан аяқталатыны белгілі болды.