Елімізде шетелдік инвестордың бұғатталған банк шоттары ашылды

Бүгін, 11:34
Думан Аманжол Думан Аманжол
Елімізде шетелдік инвестордың бұғатталған банк шоттары ашылды
фото: Оңалхан Өнерхан

Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетіне елімізде бірқатар инвестициялық жобаны, соның ішінде Алматы облысында құны 120 млрд теңгеден асатын, 400-ден астам жұмыс орнын құруды көздейтін ірі мал шаруашылығы кешенін жүзеге асырып жатқан шетелдік Axis Holding Ltd компаниясының басшысы жүгінді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураның Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетіне сілтеме жасап.

Инвестордың комитетке компанияның банктегі шоттарының «Антифрод-орталық» ақпараттық жүйесіне инвестор туралы мәліметтер енгізілген соң бұғатталғанын айтып жүгінді.

Комитеттің тапсырмасы бойынша Қостанай облысының прокуратурасымен бірлесіп шектеу шараларын қолданудың заңдылығына тексеру жүргізілді. Материалдарды зерделеу барысында инвестордың ешқандай тергеліп жатқан алаяқтық қылмысқа қатысы жоқ екені анықталды. Сонымен қатар, шоттардың бұғатталуы инвестициялық жобаларды іске асыруға және компанияның шаруашылық қызметін жүргізуіне елеулі кедергі келтіргені белгілі болды.

«Қабылданған шаралардың нәтижесінде қылмыстық қудалау органдары жол берген бұзушылықтарды жойды. «Антифрод-орталық» жүйесіндегі инвестордың мәртебесі қайта қаралып, банктік шоттарына қойылған шектеулер толық алынды. Комитеттің жедел араласуы инвестордың құқықтарын сот талқылауынсыз қалпына келтіруге, инвестициялық жобаларды одан әрі іске асыру тәуекелдерін болдырмауға және компания қызметінің тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік берді», – деді Комитеттің прокуроры Динара Нұрсұлтанова.

Axis Holding Ltd компаниясының басшысы Василий Филимонов Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті мен прокуратура органдарына жағдайды жедел әрі объективті қарастырғаны үшін алғысын білдірді.

«Шетелдік инвестор үшін қиын жағдайда жалғыз қалмайтынын білу аса маңызды. Біздің жағдайымыз Қазақстанда инвесторларды қорғаудың қолданыстағы тетіктері шынымен жұмыс істейтінін көрсетті. Сондықтан басқа шетелдік инвесторларға айтарым: Қазақстанға инвестиция салудан және жобаларды іске асырудан қорықпау керек. Күрделі мәселелер туындаған жағдайда мемлекеттік институттар бизнестің мәселесін тыңдап, жағдайды объективті түрде зерделеп, бұзылған құқықтарды қалпына келтіре алады. Біз өз тарапымыздан жобаларымызды іске асыруды жалғастырамыз және олардың ұзақ мерзімді дамуын Қазақстанмен байланыстырамыз», – деді Василий Филимонов.

Комитет қылмыстық-процестік іс-шараларды жүргізу заңды кәсіпкерлік қызметке негізсіз шектеу қоюға әкеп соқпауы тиіс екенін еске салды. Сондай-ақ инвесторлар қылмыстық процеске заңсыз тартылған немесе олардың құқықтары өзге де жолмен бұзылған жағдайда, Комитет өтініштерді жедел қарап, бизнестің бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру бойынша тиісті шаралар қабылдайтынын мәлімдеді.

Еске салсақ, Шымкентте инвесторлардың құқығын бұзған 4 салық қызметкері әкімшілік жауапқа тартылды.