Елордада полиция 5 мыңға жуық тұрғын үй нысанын тексерді

Елордада полиция 5 мыңға жуық тұрғын үй нысанын тексерді
Фото: Астана қаласы Полиция департаменті

Елордада «Қауіпсіз үй» іс-шарасы аясында 4 700-ден астам тұрғын үй нысаны тексерілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы полиция департаментіне сілтеме жасап. 

Департаменттің мәәлімдеуінше, Астанада қылмыстық құқық бұзушылықтың алдын алу, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұрғын үй секторындағы қоғамдық тәртіпті нығайту мақсатында «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізіліп жатыр.

Іс-шара басталғалы бері полицейлер 4 700-ден астам тұрғын үйді тексеріп, 170-ке жуық проблемалық нысанды аралады. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде көші-қон заңнамасын бұзуға қатысты 372 дерек анықталды. Сонымен қатар құқық бұзушылық жасаған 157 кәмелетке толмаған жасөспірім анықталды.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында азаматтық қару иелеріне де тексеру жүргізілді. Полиция қызметкерлері 828 қару иесін тексеріп, 23 қаруды сақтау және тіркеу қағидасын бұзу дерегін анықтады.

Сондай-ақ, алкоголь өнімін түнгі уақытта сатқаны үшін 17 дүкенге қатысты әкімшілік материалдар рәсімделіп, сотқа жолданды.

Тұрғындардың қауіпсіздік мәселелері бойынша ұсынысы мен өтінішін жедел жеткізуіне мүмкіндік жасау мақсатында тұрғын үйлердің кіреберістеріне QR код орналастырылды.

«Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы 5 қарашаға дейін жалғасады. Полиция тұрғындарды қоғамдық тәртіпті сақтауға, құқық бұзушылықтарға бей-жай қарамауға және күмәнді жағдайлар туралы дер кезінде хабарлауға шақырады.