Елімізде қанайналым жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 16,3%-ға төмендеді
Бұл туралы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының базасында Angels Initiative бастамасы мен Қазақ инсультологтар лигасы қоғамдық ұйымының ұйымдастыруымен өткен «Train the Trainer Workshop» халықаралық білім беру воркшопында белгілі болды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Аталған іс-шара Түркі мемлекеттері ұйымы мүше мемлекеттерінің арасында жасалған қолданыстағы меморандумның шеңберінде Орталық Азия елдерінің арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мақсатында ұйымдастырылды. Әрі жедел инсульт кезінде медициналық көмек көрсету саласында тәжірибе алмасуға және озық практикаларды енгізуге арналған маңызды алаңға айналды.
«Инсульт өлім-жітім мен мүгедектіктің негізгі себептерінің бірі болып қалып отырған жағдайда пациентті уақтылы бағыттаудан бастап жоғары технологиялық диагностика мен емдеуге дейін медициналық көмекті тиімді ұйымдастыру ерекше маңызға ие», - делінген хабарламада.
Қазақстан инсульт қызметін дамытуда айтарлықтай ілгерілеуді көрсетіп отыр. Бүгінде республика бойынша нормативтік қажеттілікті толық қамтитын 85 инсульт орталығы құрылған — әр 250 мың халыққа 1 орталық.
Ми қан айналымының бұзылыстарын ерте анықтау мақсатында скрининг енгізіліп, инсульт әлеуметтік мәні бар аурулар тізбесіне енгізілді. Инсульттан кейін пациенттерді диспансерлік есепке алу мерзімі 30 күннен 15 күнге дейін қысқартылды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша ем қабылдаған пациенттердің саны 8,3%-ға - 49 мыңнан 53 мыңға дейін өсіп, тромболизис жүргізу үлесі 11%-ға артты, ал инсульттен болатын өлім-жітім 4%-ға төмендеді.
Қазіргі уақытта инсульт қанайналым жүйесі ауруларынан болатын жалпы өлім-жітім құрылымының 32%-ын құрайды.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2026 жылдың алғашқы екі айында қанайналым жүйесі ауруларынан жалпы өлім-жітім 16,3%-ға төмендеді.