Елімізде аэротаксиге байланысты көлік заңнамасы өзгертіледі

Елімізде аэротаксиге байланысты көлік заңнамасы өзгертіледі
Фото: Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

Көлік министрлігі аэротакси мен қалалық әуе мобильділігінің құқықтық базасы үшін заңнамаға түзетулер пакетін әзірледі, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоға сілтеме жасап.
 
Аэротакси электрлі қозғалтқыштармен жұмыс істейтін инновациялық әрі экологиялық таза әуе көлігі түрі. Әуе кемесінің жылдамдығы сағатына 200 шақырымға дейін жетеді, ол 200 шақырымға дейінгі ұша алады.

Көлік министрлігі аталған көлік түрін енгізуге қатысушы компаниялармен бірлесіп, бір жыл бойы қажетті нормативтік-құқықтық базаны қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізді. Осы қызмет шеңберінде аэротаксиді пайдалану және заманауи әуе мобильділігін дамыту мәселесін реттеуге бағытталған заңнамалық түзету әзірленді.

Қазіргі уақытта дайындалған өзгерістер келісу кезеңдерінен өтіп, талқылау үдерісінде жатыр, ал оларды қабылдау және Қазақстан заңнамасына жақын арада енгізу жоспарланған.

Сонымен қатар, мамандандырылған инфрақұрылым құрылып жатыр. Вертипорттардың тұжырымдамасы мен дизайнын әлемнің түрлі елдерінде ұқсас нысандарды жобалау тәжірибесі бар халықаралық итальяндық компания әзірлеуде.

2028 жылға дейін барлығы алты вертипорт салу жоспарланған, олар қауіпсіздік, көліктік қолжетімділік және қолданыстағы инфрақұрылыммен интеграциялану талаптарын ескере отырып, стратегиялық маңызы бар қалалық және көліктік тораптарда орналастырылады.

Еске сала кетсек, Alatau City-де аэротаксидің алғашқы сынақ ұшуы өтті.