Мемлекет басшысы World Aquatics президентімен су спортын дамытуды талқылады

Мемлекет басшысы World Aquatics президентімен су спортын дамытуды талқылады
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Халықаралық су спорты федерациясының (World Aquatics) президенті Хусейн Әл-Мусалламды қабылдады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесуде Қазақстандағы су спорты түрлерін дамыту және халықаралық ұйыммен ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.

Президент World Aquatics ұйымының Қазақстан су спорты түрлері федерациясына көрсетіп келе жатқан қолдауын жоғары бағалап, серіктестікті одан әрі дамытуға дайын екенін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде су спортына қызығушылық артып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, қазақстандық спортшылар Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарында жоғары нәтижелер көрсетіп жүр.

Осы орайда Мемлекет басшысы Дмитрий Баландиннің 2016 жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасындағы тарихи жеңісін және Әділбек Мусиннің Азия ойындарында қола медаль иеленгенін еске салды.

Президент Қазақстанда бұқаралық және кәсіби спортты дамытуға, ірі халықаралық жарыстар өткізуге жағдай жасалып жатқанын айтты. Бұл бағытта спорт инфрақұрылымын жетілдіруге ерекше көңіл бөлінуде.

Өз кезегінде Хусейн Әл-Мусаллам қазақстандық спортшылардың халықаралық жарыстардағы жетістіктерін жоғары бағалады. Ол биылғы ХХ жазғы Азия ойындарында көрсетілген нәтижелер еліміздің су спортын одан әрі дамытуға әлеуеті зор екенін айғақтайтынын атап өтті.